Америка Құрама Штаттары жексенбіде ресми түрде 30-дан астам мемлекет мүше болып келген Ашық аспан шартынан шықты, деп хабарлайды CITYNEWS.KZ ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
АҚШ мұндай жоспары барын осыдан бір жыл бұрын мәлімдеген еді: Вашингтон Ресейді Калининград облысына, Грузия шекарасына және ірі әскери жаттығу аймақтарына ұшуға тыйым салды деп айыптады.
Осылайша Ресей шартты бұзғанымен қоймай, АҚШ-тың инфрақұрылымы жайлы ақпарат жинау үшін оны теріс мәнде пайдаланды деген болатын.
Шартқа 1992 жылы қол қойылды. Шарт бойынша мүше-елдер бір-бірінің аумағын барлауға, әскерлерінің орналасқан жерін және қозғалысын бақылай алады.
Осы арқылы әскердің қарулануына қойылатын шектеулердің орындалуы бақыланады. Осындай барлаудың нәтижесінде алынған ақпарат келісімнің барлық қатысушысына қолжетімді.
Осыған байланысты бірнеше күн бұрын Ресей СІМ Шартта қалған елдер Вашингтонмен деректерді бөлісуді тоқтатады және Еуропа елдеріндегі америкалық әскери базалар шарттан тыс қалмайды деп мәлімдеген болатын.