2024-07-27 13:20:26
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Жетісай ауданының мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

Жетісай ауданының мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада өтті

Спорт – денсаулық кепілі. Спортты жанына серік еткен адам ғана қоғамның толыққанды белсенді мүшесі бола алады.

Елімізде 2014-жылы бастау алған 23-маусым мемлекеттік қызметкерлердің төл мерекесі күніне Жетісай ауданында аудан әкімдігінің бастамасымен жылдағы дәстүр бойынша мемлекеттік қызметкерлер арасында спартакиада болып өтті.

Аудан әкімдігінің назарынан тыс қалмайтын салауатты өмір салтын қалыптастыру, кеңінен насихаттау мәселелері бүгінде мемлекеттік қызметкерлер арасында да жүйелі жүргізілуде. Биылғы жылы да мемлекеттік қызметкерлер күніне орай «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» ұранымен Жетісай қаласындағы «Қ.Мұңайтпасов» атындағы орталық стадионда өткізілген спорттық сайыс осының бір дәлелі. Ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округтерден құрылған 8 командада 200-ге тарта мемлекеттік қызметкер қатысқан сайысқа келген әрбір қатысушының дайындықтары ойдағыдай екендігі жарыс бастала салысымен белгілі болды.

Айтулы сайыстың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов қатысушыларға сәттілік тілеп, төл мерекелерімен құттықтады.

«Бұл жай ғана өткізе салатын ойын емес, бұл – мемлекеттік қызметшілер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтатын, таныс арттыратын, керек болса тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретін спорттық дода. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің тек қағазбастылықпен, іс-құжаттармен ғана емес спортпен жүйелі шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанатындықтарын дәлелдейтін үлкен аламан» дейді Жетісай ауданы әкімі аппаратының басшысы Есенкелді Алданиязов.

Өз кезегінде жас мамандардың еңбекке деген талпыныстарын арттыру үшін әртүрлі деңгейдегі спорт сайыстарына қатысып, қимыл-қозғалыстың өмірге деген құлшыныстарын арттыратынын айқындайтын спартакиадада спорттың кіші футбол, арқан тартыс, үстел теннисі сынды түрлерінен өзара мықтылар анықталды. Тағы бір айта кетерлік ерекшелік тартысты өткен жарыста жасыл алаңға шыққан аға буын өкілдері жас мамандарға әдемі ойын өрнегін көрсетіп, спорт пен еңбектің егіз екендігіне көздерін жеткізді.

Тартысты өткен сайыс соңында үстел теннисінен Рүстем Жүнісов ІІІ орынды иеленсе, ІІ орынға Бақытжан Жарылқап табан тіреді. Ал, І орынды Өмірзақ Дүйсебаев қанжығасына байласа, арқан тартудан ІІІ орын Ж.Ералиев ауылдық округінің, ІІ орын Жетісай ауданы әкімі аппаратының, І орын Қызылқұм ауылдық округінің ойыншыларына бұйырды.

Сонымен қатар, кіші футболдан өздерінің ептіліктерін танытып, қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан Ж.Ералиев, Ш.Ділдәбеков және Атамекен ауылдық округтерінің қызметкерлерінен құралған команда ІІІ орынға табан тіресе, аудан әкімі аппараты мен аудандық мәслихат, Жетісай қаласы әкімінің аппаратының құрамасы ІІ орынды иеленді. Жүлделі І орынды Қызылқұм, Абай және Мақталы ауылдық округтерінің теңбіл доп шеберлері қанжығаларына байлады.

Сонымен қатар, өткізілген әрбір спорт ойындарында мықтылар анықталып, жекелеген ойыншылар түрлі номинацияларға ие болды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР