
Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің делегациясы Түркия Республикасына арнайы іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты – биыл алғашқы талапкерлерін қабылдаған Гази университеті филиалының жұмысын жандандыру және ғылыми-білім беру бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту.
Қазақстандық делегацияны университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Қайрат Балабиев бастап барды. Құрамда ректор кеңесшісі Мұқаш Ескендіров пен Ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректор Ержан Керімбеков болды.
Іссапар барысында делегация Гази университетінің ректоры, профессор Угур Уналмен кездесті. Кездесуде екі жоғары оқу орны арасындағы серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Тараптар Гази университеті филиалының қызметін халықаралық академиялық білім беру стандарттарына сәйкестендіру мәселесіне тоқталды. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу бағытындағы бірлескен жұмыстарды күшейтуге басымдық берілді.
Кездесу қорытындысында ортақ ғылыми жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, профессор-оқытушылар құрамын зерттеу жұмыстарына тарту жөнінде келісімдер жасалды. Сондай-ақ докторантура бағытындағы академиялық байланыстарды дамыту мәселесі қарастырылды.
Іссапар аясында қазақстандық делегация Гази, Анкара және Таяу Шығыс техникалық университеттерінің бірлескен ғылыми-зерттеу орталығы – NÖROM қызметімен танысты. Орталық нейроғылым және нейротехнология салаларында іргелі әрі қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағытталған.
Делегация орталықтың құрылымы мен басқару жүйесін зерделеді. Сонымен қатар ғылыми зертханалардың жұмысы, зерттеу жобаларын ұйымдастыру тетіктері және университеттер арасындағы ғылыми кооперация тәжірибесімен танысты.
Түркиялық әріптестердің тәжірибесі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ базасында заманауи ғылыми-зерттеу хабын құру идеясын жүзеге асыруға негіз болмақ. Мұндай орталық университеттер мен ғылыми ұйымдардың ғылыми әлеуетін біріктіруге мүмкіндік береді.
Сапар барысында бірлескен зертханалар құру, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу, докторанттарды даярлау және жас ғалымдардың зерттеу әлеуетін арттыру мәселелері де талқыланды.
Тараптар білім беру саласындағы серіктестікті ғылыми-зерттеу бағыттарымен ұштастыруға ниетті. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру және екі ел ғалымдарының байланысын нығайту бағытындағы жұмыстар жалғаспақ.
