2024-06-13 21:12:04
26.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ясауи мұрасын терең тануға үлкен серпін

Ясауи мұрасын терең тануға үлкен серпін

Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлы «Түріктің алтын бесігі – Алтай, ер жетіп, өсіп-өнген ордасы – Түркістан» деп бекер айтпаған. Бұл орайда, былтыр Ұлытаудан бастау алып, биыл Түркістан төрінде жалғасқан Ұлттық құрылтай ұлтымызды ұйыстыра түсетін парасатты пікір алаңына айналды.

Құрылтайда талқыланған тақырыптар қажетті әрі өзекті. Қазақтың қасиетті жерлерінде өткізіліп келе жатқан құрылтай шақыру дәстүрінің қайта жаңғыртылуы ұлтымыз үшін ұлы мұраттарды айқындауға септесетініне тағы көзіміз жетті бұл жолы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ерекше мән берді.

«Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді», деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру мәселесін ойластыруға болатындығын да сөз етті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілгенін еске салып, бұл бастаманы қолдайтынын айтты.

«Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама», деді ел Президенті.

Президенттің пікірінше, халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасын заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау қажет.

«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын», деді Президент.

Президентіміз атап өткендей, Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Түйіндеп айтқанда, бұл құрылтайдың рухани құндылықтарымызды өркендетуге зор үлес қосатынына сенім мол.

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,
Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық
қазақ-түрік университетінің ректоры

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР