Түркістан – ұлы дала өркениетінің темірқазығы. Ал осындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – бай тарихымыздың символы.
Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсынысты қолдайтынын айтты. Әрі биыл туғанына 930 жыл толған ғұламаның еңбектерін зерттеп, дәріптеу үшін «Ясауитану» ғылыми орталығын құруды ұсынды.
Осы орайда, «KEMEL ADAM» кітабының авторы, Ұлттық құрылтай мүшесі, дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы өз пікірін білдірді.
«Ясауи бабамыздың мұраларын біз жалпылама зерттедік. Кітаптары шығып жатыр. Әлі де түгенделетін кітаптары бар. Бірақ енді біз ішіне үңілуіміз керек. Ясауи бабамыздың принциптерін бөлек-бөлек айқындап ашуымыз керек», — деді Қайрат Жолдыбайұлы.
Сондай-ақ ол мектеп бағдарламасына тұлғалық дамуды жетілдіретін жаңа пән енгізу керектігін айтты.
«Бұл пән жеткіншектерге өмір сүру, адамдармен тіл табысу, қиындықтардан мойымай жеңу, табандылық таныту, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу және кез-келген ақпаратты сараптап, сыни көзқараспен қарай алу қабілеттерін арттырады», — деді дінтанушы.