Бейбітшіліктің бесігінде тербелген тәуелсіз еліміздің төл перзенттерінің болашағы жарқын. 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүгін Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев бастаған ұжым спортшы балаларға сыйлық жасады. Түркістан қалалық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велоспорт бөлімінің талантты 20 шәкіртке спорттық киімдер табыстады. Қазақстан спортының жарқын болашағы болар жасөспірімдер кәсіби деңгейде спортпен айналысып, әлемдік деңгейде Түркістан облысында спорттың дамуына елеулі үлестерін қосады деген сенім мол.
— Өңірімізде тұла бойлары жеңіске деген күш-жігерлері айқан жастарымыздың қатары көп. Еліміздің спортының кемелді келешегі үшін әрбір жастың жеңістері баршамызды қуаттады. Әрдайым алар асуларың биік болсын. Сыйлығымыз игіліктеріңе жарасын, -деді басқарма басшысы.
Бүгінде мұнда жүздеген бала әлемдік додалар мен олимпиадалық ойындарда шапшаңдықты қажет ететін спортпен айналысуда. Басқосуда басқарма басшысының орынбасары Жазира Мүслимова мақсаттары айқын жас спортшыларға сәттілік тіледі.