2024-07-27 07:54:08
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Ұлттық құндылық ұлықталды

Ұлттық құндылық ұлықталды

Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасының» 10 жылдығы аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтаған бірқатар шара өтті. Алдымен аталған шара аудандық ардагерлер үйінің алдынан бастау алды. Онда арнайы киіз үй тігіліп, жас ұрпаққа салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды, төл тарих пен мәдениетті насихаттап, қайта жаңғырту мақсатында ұлттық нақыштағы көрмелер жасақталды.

Аудан көшелеріндегі ән шеруде «Созақ серілері» тобының сүйемелдеуімен құлақ құрышын қандыратын халық әндерін орындап, мерекені көтеріңкі көңіл-күйде атап өтті. Ән шеруге аудандағы ауылдық округтерден жиналған ардагерлер мен ақ жаулықты әжелер қатысып, «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі аралықта сән-салтанаты келіскен ән шеруін ұйымдастырды.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінде «Әже – ұлт ұйытқысы» атты байқау өтті. Облыстық ардагерлер кеңесі бекіткен кестесіне сәйкес ұйымдастырылған байқауға  облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Фатима Тілеубердиева, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасы» төрайымының орынбасары Дана Садыққызы және облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Балзия Тәжібаева қатысып, байқауға қазылық етті.

Шараға арнайы қатысқан аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев мерекемен құттықтап, бүгінде түрлі қоғамдық жұмысқа белсене араласып жүрген бір топ әжелерге арнайы алғыс хат пен сый-сияпат табыс етті. Сондай-ақ  ұйымдастырылған шараның жастар тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығын жан-жақты  дамытуда алар орны ерекше екенін атап өтті. Сайыс барысында жиналған қонақтар «Ерулік», «Келін түсіру» атты сахналық қойылымды тамашалап,  аудан ардагерлері дәстүрлі халықтық жоралғының жарқын үлгісін паш етті.

Аудан әжелерін мерейлі мерекемен құттықтаған «Аmanat» партиясының аудандық филиалының төрағасы Ернар Сағындық бірқатар әжені арнайы алғыс хатпен марапаттаса, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Фатима Тілеубердиева облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы мен алғыс хатын табыс етті. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов аудандық ардагерлер кеңесінің арнайы жүлделерімен ауылдық «Әжелер алқасы» ұжымдарын марапаттады. Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, Созақ ауданының Құрметті азаматы, ардагер Садық Әбдірашұлы әжелерге деген ізгі тілегін арнады.

Қазылар алқасы шешімімен «Парасатты әжелер» жүлдесін Құмкент ауылдық округі, «Шебер әжелер» жүлдесін Жартытөбе ауылдық округі, «Сымбатты әжелер» жүлдесін Шолаққорған ауылдық округі, «Өнерлі әжелер» жүлдесін Созақ ауылдық  округі, «Өнегелі әжелер» жүлдесін Қаратау ауылдық округі, «Мейірбан әжелер» жүлдесін  Жуантөбе ауылдық округінің әжелері иеленді.

Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымының солисті, ардагер ұстаз Әли Иманбеков,  ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырлы Созақ» ардагерлер хор ұжымының мүшесі Раушан Баймұратова және Құмкент ауылдық «Ақ әжелер» тобы патриоттық әндерді нақышына келтіре орындап, мерекенің ажарын аша түсті.

Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР