Астана қаласында үстел теннисінен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтуде. 29 мамыр мен 4 маусым аралығына жоспарланған елішілік додада командалық сайыс аяқталды. Жас теннисшілер бәсекесінде 2012 жылы туылған жасөспірімдер мен одан кіші жасөспірімдер бақ сынауда. Бұл сында өздерінің шеберлігін көрсеткен Түркістан құрамасы жеңіс тұғырының ең биігінен көрінді.
Тартысқа толы өткен чемпионатта республикамыздан іріктелген шеберлер келген. Әйтсе де түркістандық саңлақтар ешкімге дес бермеді. Топты жарып шықты. Түркістандық құраманың ұлдар арасындағы сайыста өнер көрсеткен Ерасыл Лесбай, Абылайхан Ермаханұлы, Абай Жұмағұл, Әміржан Сапарәлі, Шахмардан Болатбек сынды талантты оғландар бар.
Ал, қыздар арасында Түркістан облысының құрамасы күміс жүлдегер атанды. Құрама сапында Мадина Абдувалиева, Назерке Болатбек, Ұлданай Назир, Айна Назир, Кәусар Төлеп сынды аруларымыз өңіріміздің намысын жоғары дәрежеде қорғады. Енді алдағы уақытта жарыс жекелей, жұптық және аралас жұптық сайыста жалғасын табады.