2024-11-03 17:42:43
19.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанға келіп тұрақтайтын туристер үшін қонақүйлер саны артты

Түркістанға келіп тұрақтайтын туристер үшін қонақүйлер саны артты

Түркістан облыс орталығы болғалы қарыштап бой көтерген құрылыстардың біршамасын қонақ үйлер құрайды. Бұл әрине, Түркістанға келетін туристер санының жыл сайын артып жатқанының айқын көрінісі. Осы себепті Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында, оның ішінде республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар қолға алынуда.

Атап өтсек, Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Яссауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін және қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылуда. Нәтижесінде Түркістан қаласына келушілер саны одан да арта түспек. Шаһарда қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен қонақ үйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласында елімізде баламасы жоқ туристік-рекреациялық орталықтың салынғаны баршаға мәлім. «Түркістан» туристік-рекреациялық орталығы су спорт түрлерімен айналысуға және жағажай туризмін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қалада «Түркістан мол» сауда орталығының, «Отау» сауда орталы-ғының, «Медина Палас» қонақ үйінің, «Теннис» орталығының, Бизнес орталықтардың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетерлік жәйт, Хазірет Сұлтан әуежайы ашылғалы туристердің келуіне өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда, еліміздің он үш қаласынан бөлек Стамбул бағытында тұрақты рейстер қойылған. Оның ішінде 11 қалаға субсидияланған рейстер ашылған, яғни билет құны қолжетімді, 18 доллардан 60 долларға дейінгі аралықты құрайды. Бұл өз кезегінде туристік әлеуетті арттырып отырған жайы бар. Жаңа Түркістанға жасалатын саяхаттар туроператорлар әзірлеген турпакеттер аясында жүзеге асырылуда. Бір күндік стандартты тур пакетінің құны 100 доллардан 150 долларға дейін, оған тамақтану, көлік, гид және компанияның маржасы кіреді. Бір күндік түнгі туристік пакеттердің тағы бір санаты бар, 20 мен 40 АҚШ долларын құрайтын оған көлік, нұсқаулық және компанияның маржасы кіреді. 6 айдың қорытындысы бойынша туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 25,7 миллиард теңгені құраған.

Мереке күндері қонақүйлердің нөмірлік қоры толықтай сатылады, 7 ай бойынша қонақүйлердің орташа жүктемесі 41 пайызға жетсе, республика бойынша орташа жылдық жүктеме 20 пайызды құрайды. Туристік сала кәсіпкерлерімен байланыс нығайып, туристік нысандарды әлеуметтік желілерде насихаттау күшейген. Алматы облысының «Лимон» туристік операторы бір-екі күндік шығу турын ұйымдастырып, аптасына екі рет 50 адамнан келіп тұратын көрінеді. Ал «Визит Түркістан» туроператоры наурыз және маусым айларында қала бойынша 400-ден астам экскурсия өткізген. Сонымен қатар Түркістан қаласында ашылған, жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар.  Түркістан қаласында «Президент» саябағы және тұңғыш рет жағажай ашылып, балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылғанын да айта кеткен жөн.

Сонымен жоғарыда атап өткеніміздей қалада үлкенді-кішілі, арзанды-қымбатты 55 қонақ үй бар. Олар орналасқан орындарына, бағасы мен көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай бөлінетіні белгілі. Әлбетте қонақ үй бизнесінде бәсекелестіктегі басымдықтарды арттырудың басты жолдарының бірі басқаларға қарағанда барынша жоғары деңгейде сапалы қызмет көрсету. Осыған орай тұтынушы алдымен сайт бетіндегі жарнамадан қызмет көрсетушіні таңдайды, сонан соң олардың ұсынған қызметін күткендерімен салыстырады. Егер де көрсетілген қызмет көңілден шықпаса, міндетті түрде сайтта шағым-пікірін қалдыру арқылы ойын білдіреді, ал күткендегідей болса әрине, болашақта тағы келеді әрі келушілерге ұсына жүретіні анық. Әзірге бәсекелестік жағынан қаламызда «Hampton by Hilton» қонақ үй кешені, «Rixos Turkestan», «Grand Khanaka», «Silk Way», «Royal Grand», «Karavansaray Kaganat», «Ramada Turkestan», «Эмир Плаза» қонақ үйлері көш бастап тұр. Олар біріншіден, айналасындағы жаңадан салынған әсем көріністермен көз тартса, екіншіден соңғы үлгідегі жоғары дәрежелі қонақ үйлер. Мұнда әдемі бөлмелермен қатар on-site entertainment (сайт бетіндегі жарнама), тегін таңғы ас, күнделікті тазалау, лифт, Wi-Fi, су спорты, массаж, сауна, спа, фитнес орталығы, экскурсия, автокөлікті тегін қою орындары, кафе-ресторан қызметтері ұсынылады. Сондай-ақ жиналыс, конференция залдары, мерейлі даталар мен іс-шаралар өткізетін мейрамханалары бар. Алайда бұлардың бағасы «айды аспанға шығарғандай» екені жасырын емес. Мысалы, Karavansaray Kaganat қонақ үйінде тәулігіне жәй ғана 75 000-нан басталса, орналасқан бөлмедегі терезеден Керуендегі бассейн көрінісі көрінгені үшін құны он есеге (!) дейін көтеріле беретіні таңдандырды.

Сондай-ақ қаладағы «Hampton by Hilton» қонақ үй кешенінің қызметі де жоғары деңгейде, ол үшін белгіленген құны да аз емес. Тұтынушыларды дәмді тағамы, жанды музыкасы, қаланың ең әсем жерінде орналасқаны үшін қызықтырады. Қонақүй Түркістанның мәдени-рухани орталығында орналасқан. Ясауи кесенесі жақын, Ұлы Дала орталығы мен Visit Centre Turkistan маңайында орналасқан. Сыртқы беті көне ғасырдың ғимараттарын еске түсіретін Марокко стиліндегі ескі қам кірпіштен соғылған. Орта ғасыр мен қазіргі дәстүрлерді сәтті үйлестіре отырып, қаланың стилін толықтыра түскен. Бір жылдың ішінде бой көтерген қонақүйдің жалпы алаңы Top Tobe жеке банкет кешенін қосқанда 9000 шаршы метрді құрайды. Стандартты санаттағы 120 нөмір бар. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы жасақталған бөлмелер қарастырылған. Hilton – құрамына әртүрлі санаттағы 17 қонақүй бренді кіретін дүние жүзіне әйгілі қонақүйлер желісі. Әлем бойынша бұл желіге 6000-ға жуық қонақүй кіреді. Hampton by Hilton Turkistan – BI Group пен Hilton Worldwide арасындағы екінші бірлескен жоба.

Ал Rixos Turkestan қонақ үйінде сәнді де жайлы бөлмелермен қатар караоке бар, жабық бассейн, аумақта, бөлмелерде тегін интернет сервистері қызметі үшін тәулігіне 60 000-нан және одан жоғарылай береді.  5 жұлдызды «RIXOS KHADISHA TURKESTAN» қонақ үйі 6 қабаттан тұрады. 120 орынға шақталған қонақ үй, бірнеше мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес-орталық орналасқан. Жобаның құны – 10,4 миллиард теңге. Оның ішінде 7 миллиард теңге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ тарапынан берілген несие қаржысы. Қонақ үй 2020 жылы пайдалануға берілген.

Жақында ғана ашылып, пайдалануға берілген Ramada Turkestan қонақ үйінің қызметіне де алғыс айтушылар аз емес. Мұндағы ресторан, жалпы лаундж, спа-салон, сауықтыру орталығы келушілердің көңілінен шығып үлгерді. Комплекс аумағында банкомат ашық. Тамақ, сусындар нөмірге жеткізіледі. Тіпті валюта айырбастау қызметі де қарастырылған.

Жалпы барлық жоғары сапалы қонақ үйлерде санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталу міндеті жайлы айтудың өзі артық. Бұл басты орында. Күтуші персонал да қазір айтарлықтай білікті, арнайы оқу курстары мен өзін-өзі дамыту арқылы олардың қызметіне аса көп шағым жоқ.Соңғы үлгідегі қонақ үйлермен қатар қаламызда бұрыннан қызмет етіп келе жатқан қарапайым қонақ үйлер баршылық. Олар да облыс атына «кір келтірмей» қызмет етудің бар жолын қарастырып жатқаны байқалады. Атап айтсақ, «Эдем», «Евразия», «Алтын ұя» т.б. қонақ үйлер шағын қызметімен, ең бастысы санитарлық-гигиеналық талаптарымен, сыпайы қызмет көрсету персоналымен халық көңілінен шығуда.

Сонымен қаладағы біршама қонақ үйлердің бағасы мен қызметіне шамалап шолу жасай келе, облыс мәртебесіне ие қаладағы аталмыш қоғамдық орындардың бағасы шарықтап тұрғаны шындық. Бұл қалтасы көтеретін, жоғары лауазымды қызметкерлерге аса ауыр тие қоймас. Ал, сонау алыстан Ясауи бабаның басына тәу етіп қайтуды мұрат еткен немесе шаһарға шаруаларымен келіп қайтатын қарапайым жандардың басым бөлігінің қалтасына оңай соқпасы анық. Мұндайда оларға ыңғайлы, бағасы да қолайлы хостелдер қызметі бар. Бұл орындар өз деңгейінше қызмет етуде. Олардың қатарында Шымкент трассасы бойында орналасқан «Болатбек», Т.Рүстемов көшесіндегі «Руми», Б.Саттарханов даңғылындағы «Караван» хостелдері бар. Мұнда да келушілерге асхана, автотұрақ, интернет, кір жуу орындары қызметі ұсынылған әрі қалтаға қолайлы.

Расында, мейманхана шаруашылығын дамытуда мақсат еткендей биік жетістіктерге жету үшін осы сала мамандарының білім деңгейін, қызмет түрін арттыру ешқашан артықтық етпейді. Бұл саладағы қызмет адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас екені белгілі. Сондықтан қонақтардың көңілінен шығатындай қызмет ету үшін жоғары дәрежеде қызмет көрсету қажет. Туристер үшін аз уақытқа болса да қонақ үй ақылы өз үйі болып саналады. Ал үйде адам өзін жақсы сезініп, бар жағдайы жасалып тұрғанын қалайды. Міне, сол үшін бұл салада біліктілігің мен тәжірибелігің аса қажет. Осыларды ойдағыдай орындап, қонақ мейлінше риза болып қайтса, оның ойында тек қонақ үй туралы ғана емес, бүкіл қала туралы жақсы ой-пікір қалыптасып, көкейінде көпке дейін сақталатыны сөзсіз.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР