2026-05-25 13:54:12
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН СУИЦИДТІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНҒАН БОЛАТЫН

Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен «Жас ұрпақ – ел болашағы» атты ауқымды форум ұйымдастырылған болатын. Аталған іс-шара жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, қоғамдағы суицидтік ниеттердің алдын алу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңдардың біріне айналды.

Форумға облыс әкімдігі, полиция департаменті, білім беру саласының өкілдері, мектеп директорлары, педагогтер, психолог мамандар және өзге де жауапты сала қызметкерлері қатысқан еді. Жалпы іс-шараға 1000-нан астам адам қатысып, балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық саулығына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Іс-шараға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық полиция департаментінің бастығы Азамат Заппаров, сондай-ақ арнайы шақырылған қонақтар – Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен Оқу-ағарту вице-министрі Асылжан Ахметжанов спикер ретінде қатысқан болатын.

Форум барысында балалар мен жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау, олардың құқықтарын қамтамасыз ету, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бағытындағы мәселелер кеңінен көтерілді. Сонымен қатар мектеп психологтарының қызметін жетілдіру, кәсіби біліктілігін арттыру және құқықтық сауаттылығын нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің психологиялық тұрақтылығына кері әсер ететін факторлардың көбейіп келе жатқаны айтылды. Әлеуметтік желілердің ықпалы, интернет кеңістігіндегі агрессия, жалған ақпараттардың таралуы, кибербуллинг, эмоционалдық қысым және отбасылық мәселелер балалар психологиясына айтарлықтай әсер ететіні атап өтілді. Осыған байланысты құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары және ата-аналар арасындағы өзара байланысты күшейту қажеттігіне басымдық берілді.

Форум барысында облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев балалардың қауіпсіздігі мемлекет пен қоғам үшін басты басымдықтардың бірі екенін атап өткен болатын.

«Балалар – қоғамның ең үлкен байлығы. Құқық қорғау органдарының мақсаты – әрбір өреннің қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне кепілдік беру. Қоғамда қатігездік емес, мейірім мен өзара қолдау үстемдік құруы тиіс», – деген еді облыс прокуроры өз сөзінде.

Іс-шара барысында жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені айтылды. Әсіресе мектеп пен ата-ананың өзара байланысын күшейту, балалардың ішкі жан дүниесіне назар аудару және олармен тұрақты психологиялық жұмыс жүргізу қажеттігі кеңінен талқыланды.

Форум аясында тәжірибе алмасу сессиялары ұйымдастырылып, мектеп психологтарының күнделікті жұмысында кездесетін өзекті мәселелер қарастырылған болатын. Мамандар жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайын ерте анықтау, психологиялық көмек көрсету тәсілдері, қауіп факторларын бағалау және алдын алу жұмыстары бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сонымен қатар қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – интернет кеңістігіндегі теріс контенттердің жастар санасына ықпалы мәселесі де қозғалды. Спикерлер әлеуметтік желілер арқылы таралатын деструктивті ақпараттар, буллинг және психологиялық манипуляциялардың жасөспірімдерге теріс әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты жастардың медиасауаттылығын арттыру, ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және интернеттегі қауіпті контенттерден қорғау шараларын күшейту қажеттігі айтылды.

Форум барысында мектеп психологтарының рөліне ерекше мән берілді. Бүгінде психолог мамандар білім беру ұйымдарында балалардың эмоционалдық тұрақтылығын сақтауда, психологиялық қиындықтардың алдын алуда және оқушылармен сенімді қарым-қатынас орнатуда маңызды қызмет атқаратыны айтылды. Осыған орай олардың кәсіби даярлығын арттыру, тәжірибелік дағдыларын жетілдіру және құқықтық білімін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.

Аталған форум мектеп психологтарының кәсіби көзқарасын жаңғыртуға, олардың қызметтік әдебін жетілдіруге және кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар іс-шаралардың бірі болған еді. Іс-шара аясында мамандарға балалар психологиясындағы заманауи тәсілдер, дағдарыстық жағдайлармен жұмыс жүргізу әдістері және профилактикалық жұмыстарды ұйымдастыру тетіктері түсіндірілді.

Форум қорытындысында облыстың үздік 10 мектеп психологы арнайы алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталған болатын. Бұл – жас ұрпақтың тәрбиесі мен психологиялық саулығына үлес қосып жүрген мамандардың еңбегіне берілген жоғары баға болды.

Мұндай ауқымды іс-шаралар қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды. Сонымен қатар форум жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының өзара іс-қимылын күшейтуге мүмкіндік берген болатын.

Алдағы уақытта да өңірде қоғамдағы суицидтік ниеттердің алдын алу, жасөспірімдердің психологиялық денсаулығын нығайту, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасын табатыны атап өтілген еді.

#заңментәртіп

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР