2024-06-22 01:17:27
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістандықтар үстел теннисінен Аят Әссандиді еске алуға арналған тұңғыш өңіраралық турнирде топ жарды

Түркістандықтар үстел теннисінен Аят Әссандиді еске алуға арналған тұңғыш өңіраралық турнирде топ жарды

Үстел теннисінен Шымкент қаласындағы кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде БАҚ өкілдері, блогерлер және кәсіпқой спортшылар арасында үстел теннисінен спорт шебері, Универсиада жеңімпазы Аят Әссандиді еске алуға арналған тұңғыш өңіраралық турнир өтті.

Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнирге Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы БАҚ өкілдері және Аятпен бірге ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен шеберлер қатысты. Турнирдің жалпы жүлде қоры — 1,5 млн теңге.

Сайыстың ашылу салтанатына өңірдегі БАҚ басшылары, белгілі журналистер, спорт жанашырлары қатысты. Теннис орталығында өткен аламан сайыста жастар, ересектер және ардагер спортшылар бақ сынады. Ал жоғары спорт шеберлігі мектебінде өткен сайысқа журналистер мен блогерлерден іріктелген 37 спортшы қатысты. Қыздар арасында бәсекеде 12 әріптесіміз жарыс көрігін қыздырды.

Осынау дүбірлі спорт сайысын өткізуді Аяттың өзі аманаттап кеткен шара екенін турнирдің басты ұйымдастырушысы, әкесі, белгілі журналист Әсет Әссанди өз сөзінде айтып өтті. Ал Қазақстанның Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай Аяттың үстел теннисі спортымен жас кезінен тұрақты айналысқанын, БАҚ өкілдері арасында өткен облыстық чемпионатта екі жыл қатарынан бас жүлдеге ие болғанын тілге тиек етті. Талантты жастың спорттық бабын шыңдаған Ұлттық жоғары дәрежедегі төреші Қуатбек Телғозиев өз шәкіртінің аса талантты екендігіне тоқталды. Қарағандыдағы жоғары оқу орнын бітірген соң, ұлттық құрама сапында шетелде дайындық жасап, арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін дайындалып жүрген кезін еске алды.

Турнирдің қорытындысында БАҚ арасында ерлер бәсекесінде бас жүлдені түркістандық Дәурен Тілеухан жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды Шымкент қаласынан Асылбек Түйетаев иемденсе, 3-орынды Пердебек Есқұлов түйіндеді. Ал қыздар арасында «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Аида Ташеваға тең келер ойыншы болмады. Жүлделі орындарды Айнұр Өмірбекова мен Жасмин Ашимова иемденді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік белгілер, арнайы медальдар мен кубоктар және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ турнирге демеушілік жасап, қолдаған азаматтардың атынан үздік қатысушыларға ынталандыру сыйақылары үлестірілді.

Ал, спорт шеберлері арасында Қазақстан құрамасының үздік спортшысы Бақдәулет Әкімәлі бас жүлдені жеңіп алды. Ардагер спортшылар арасында түркістандық Нартай Төлбасиев чемпион атанды. Жарыс барысында үздік өнерімен көзге түскен шебер ойыншыларға өңірімізге белгілі дамушы кәсіп иелері арнайы номинациялар дайындап, табыс етті. Аталған жүлделер «Жұлдыз» дәмханасында өткен ас барысында иелеріне табысталды.

Енді бұл турнир жылда өтіп тұратын дәстүрге айналады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР