Бүгін Түркістан қаласында облыстық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен «Шаға» жағажайының маусымдық ашылуы өтті.
Жағажай маусымының ашылуында DJ Estrella музыкалық бағдарламасының сүйемелдеуімен Drop Entertainment, «Айла» дуэті, «Нұрсезім» триосы және «Шашу» би ансамблі өнер көрсетті. Сонымен қатар кештің арнайы қонақтары Argonya, Африкалық әншілер тобы және Қожахмет Аманбаев қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Кеш жүргізушілері жайдарманшы Нұрым Досбол мен Наурыз Рсымов жиналған қауым арасында түрлі сайыстар ұйымдастырып, арнайы сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ, балаларға арнайы көбік шоуы мен аниматорлар шоуы ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Шаға» жағажайы былтыр ашылған жаңа кешен. Ресми лентасы қиылған кезде 3 мыңға жуық демалушыны қабылдаған. Туристік жағажайдың жалпы ауданы 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы 2 жарым миллион текше метр. Мұнда тек суға түсіп қана емес, футбол, волейбол ойнауға да мүмкіншілік бар. Сондай-ақ катамарандар да келушілерге қызмет көрсетуде.
Түркістанның іргесіндегі Шаға елді мекенінде орналасқан су айдынының биылғы ашылуы ертең де жалғасады.
Түркістан облысының мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі