2024-07-27 11:43:36
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті

Түркістанда «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті

«Ұлы Дала Елі» орталығында облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен тілді еркін меңгерген әртүрлі сала мамандары арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті. Шараны басқарма басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Облысымызда Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында екі миллионнан астам халық болса, оның 95,5% қазақ тілін меңгерген, 64% орыс тілін, 16,4% ағылшын тілінде қарым-қатынас жасай алады. Ағымдағы жылдың 9 айында облыс бойынша тіл оқыту орталықтарында 2545 адам қазақ тілінен, 1733 адам орыс тілінен, 1857 адам ағылшын тілінен сетификат алды. Қазіргі таңда 6135 адам тіл меңгеруде. Мемлекеттік тілді оқыған этнос өкілдерінің саны – 970, – деді Әділ Нұржанұлы.

Сайыста «Өрлеу» БАҰО» АҚ Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты» филиалының Түркістан облысы бойынша өкілдік басшысы Жанат Нұрлыбаева, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Әлем тілдері кафедрасының аға оқытушысы Майра Исрайлова және Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі  Айнұр Аманбаева қазылық етті.

Байқауға аудан, қалалардағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер және жастардан 15 үміткер қатысып, үш кезең бойынша сайысты. Бірінші кезеңде қатысушы ұсынылған жағдаяттан шығу жолдарын үш тілде баяндап ой толғады, екінші кезеңде қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап берді. Ал үшінші кезеңде еліміз туралы сұрақтарға ағылшын тілінде жауап берді.

Аталған үш кезеңнен сүрінбей өтіп, қазылар алқасының шешімімен Түркістан қаласынан Азамат Бақтияр бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар Шардара ауданынан келген Құралай Сатбекова жүлделі І орын, Қазығұрт ауданынан Наргиза Саткулова ІІ орын және Түлкібас ауданынан Абилкаир Накипбеков ІІІ орын иеленді. Шара соңында барлық қатысушыларға сый-сияпат табысталып, арнайы дипломмен марапатталды.

Айта кетейік, байқаудың мақсаты – тілдердің қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінің мемлекеттік және қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, жастарды көп тілді меңгеруге ынталандыру.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР