2024-03-04 14:06:45
4.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда «Музейлер шеруі» жалғасып жатыр

Түркістанда «Музейлер шеруі» жалғасып жатыр

Түркістанда апта сайын өтіп жатқан «Музейлер шеруі» кеңейтілген көшпелі көрмесі жалғасын тапты. Бұл жолы Түркістан облысының  мақта шаруашылығы музейі, Қазығұрт аудандық музейі, Созақ аудандық Сұлтанбек Қожанов музейі, Кентау қалалық музейі, Арыс қаласының музейі «Музей – құндылықтар ордасы» атты көрмені жасақтады.

«Ұлы дала елі» орталығында ұйымдастырылған шараға облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысты. Музейге келушілер әр ауданның қалыптасу тарихы мен тәуелсіздік жылдарындағы дамуы: экономикасы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі, ауданның танымал тұлғалары туралы ақпаратқа қанығып, музейдің құнды жәдігерлер коллекциясын тамашалады. Көрме жұма, сенбі күндері аталған орталықта жалғасады.

Түркістан облысының 5 жылдығына арналған шараның мақсаты – Түркістан облысының тарихы мен мәдениетін, рухани құндылықтарын, аудандардан шыққан елімізге танымал тұлғалардың және музейлердің құнды жәдігерлерін, Түркістан облысының бүгінгі жаңғыруы мен жетістіктерін халыққа насихаттау.

Мақтарарал ауданының ауыл шаруашылық өндірісінің негізгі бағыты – шитті мақта өндіру. Көрме барысында Түркістан облысының мақта шаруашылығы музейінің қорындағы мақта түрлері, аудан өнеркәсібі мен экономикасының дамуына үлес қосқан Еңбек ерлері Жұмагүл. Сәуірбаеваның, Шаблан Діләбековтың жеке заттары,  марапаттары, мақта алқабының фотосуреттері мен музей қорындағы мақта өлшейтін таразы, мақта теретін «Фардзон» тракторының макеті,  құнды жәдігерлері таныстырылды.

Арыс қаласының музейі Арыс темір жол станциясының құрылуы, қаланың дамуынан сыр шертетін сәулеттік ескерткіштерінің макеттері, теміржолдың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан Еңбек ерлері Сырлыбай Байжановтың, Көпжан Мұхамеджановтың, Әуесхан Салықбаевтың, Әбдуәлі Балғынбековтың тұтынған бұйымдары, сондай ақ темір жолда қолданыста болған заттар көрмеде көпшілік назарына ұсынылды.

Созақ аудандық Сұлтанбек Қожанов музейі көне Созақ қалашығынан табылған түрлі формадағы қыш ыдыстар, ертеде күнделікті тұрмыста пайдаланған ыдыс түрлерін және С.Қожановтың өмір жолын баяндайтын фотосуреттер, архивтік құжаттардың көшірмелері көрмеде көрініс тапты.

Кентау қалалық тау-кен ісі музейінің көрмесінде Кентау қаласының құрылу тарихы және геологиялық барлау нәтижесінде жинақталған бірегей минералды тастар мен рудалардың түрлері көрсетілді.  Атап айтқанда кальцит, мырыш, қорғасын, барит, тағы басқа.

Қазығұрт аудандық музейінің көрмесінде өңірдегі тіршіліктің пайда болу тарихы, суда тіршілік еткен түрлі жәндіктердің тістері, орта ғасыр кезеңінің монеталары және этнографиялық бұйымдар көрініс тапты.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР