2024-03-04 19:14:29
4.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтті

Түркістанда халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтті

Бүгін Түркістанда Өзбекәлі Жәнібеков атындағы «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауы өтті. Халықаралық шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, ашып берді.

– Халықаралық шараның мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен аталуы бекер емес. Өйткені қазақ халқы үшін Өзбекәлі аға «Тайқазанның» киелі шаһарға қайта оралуына, Наурыз мерекесінің қайта жандануына тікелей себепкер болды. Қазір Түркістанымыз да облыс орталығына айналып, көптеген жетістікке жетіп жатыр. Тек облыстық емес, республикалық және халықаралық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі этнобайқаудың біздің облыста өтіп жатқаны да үлкен мәртебе. Сіздерге сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен халықаралық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан елдерінен келген дизайнерлер, ұлттық-мәдени бірлестіктер, сәндік қолданбалы өнер шеберлері қатысты. Байқауға әлем бойынша 30-ға жуық үміткер өтініш білдіріп,15-і іріктелді

Аталмыш байқауының қазылар алқасы құрамында елімізге танымал және шетел өнер шеберлері бар. Атап айтқанда «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Ұлттық дизайн Академиясының академигі Қайролла Абишев  Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Сейфолла Бодиков, Еуропалық сән апталығының алғашқы аккредиттелген журналисі, «Lapidus», «Nina Ricco», «Paco Rabanne» сынды атақты еуропалық дизайнерлердің көрсетілімдерінің ұйымдастырушысы және сән продюсері Саят Досыбаев, Өзбекстан Республикасы «Өзбекстильпром» бірлестігінің гендерлік теңдік және дизайнды дамыту жөніндегі кеңесші Гулямова Хамола, журналист, PR маманы, философия ғылымдарының докторы, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы қордың президенті Әзел Жәнібекова байқауда төрелік етті.

Жеңімпаздарды Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев марапаттады. Қазылар алқасының шешімімен «Тайқазан» халықаралық ұлттық және этникалық киімдер байқауының бас жүлдесі Өзбекстан Республикасынан Ирина Шариповаға бұйырды. Жүлделі І орынды Алматы қаласынан Лолита Ризабаева, жүлделі ІІ орынды Қырғызстан Республикасынан Элиза Тэнтиқызы мен Өзбекстан Республикасынан София Ашур, жүлделі ІІІ орынды Алматы қаласынан Күлән Жанғұтты мен Тәжікстан Республикасынан Тохир Ибрагимов, Қостанай облысынан Шекимова Тоты иеленді. Ал Әзербайжан Республикасынан Нажит Бакшалиев пен Түркістан облысынан Омарова Нұрбибі, Қырғызстан Республикасынан Винера Бектенова арнайы жүлде иегері атанды. Сондай-ақ өзге қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.

Айта кетейік, халықаралық байқаудың мақсаты киім мен тұрмыстағы ұлттық дәстүрді зерттеу, қазақ мәдениетіне қызығушылық қалыптастыру, заманауи сән үлгісіне сай дәстүрлі этникалық костюмнің бірегей құндылықтарын және оның сан алуандығын көрсету, кәсіби және әуесқой дизайнерлерге қолдау көрсету болып саналады.

Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР