Түркістанда облыстың 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «ART Turkistan» Халықаралық өнер фестивалінің аясындағы сарапшылардың ғылыми отырысы басталды. Ресей, Түркия, Әзербайжан, Қарақалпақ, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен 9 сарапшы 5 күн бойы көне картиналарға талдау жүргізеді. Музей қорында жинақталған құнды жәдігерлерге сараптама жүргізушілердің қатарында Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Музей құндылықтары мен бірегей жәдігерлерді ғылыми реставрациялау орталығының директоры, өнертанушы Маликова Зарифа ханым да бар.
– Түркістанды тарихи көне қала деп танығаныммен, мұндай гүлденген қаланы көремін деп күтпедім. Қазақстандағы алғашқы сапарым десем болады. Киелі шаһарға бірінші рет келіп отырмын. Қызықты ескерткіштер бар екен. Мұнда облыстық зәулім музей болғанын қалар едім. Өйткені туристерді қызықтыратын орынның бірі музей болып саналады. Біз сапар барысында кәсіби суретшілермен таныстық. Өте қызықты жұмыстар. Ең бастысы қазақ суретшілерінің жасап жатқан шедевр жұмыстарын бақылап жатырмыз. Бұдан бөлек әйгілі суретшілермен қатар, авторы белгісіз картиналардың үлкен таңдауы ұсынылуда. Біз сол туындыларға сараптама жасаймыз. Талқылау нәтижесінде, бұл жұмыстар музей экспозициясының сәнін келтіріп, келушілерге қуаныш сыйлайды деп үміттенемін. Фестиваль ұйымдастырушыларына мың алғыс, – деді әзербайжан сарапшысы.
Айта кетейік, 27 маусым күні сараптама нәтижесі қорытынды ғылыми конференцияда баяндалады. Оған Қазақстан бейнелеу өнері музейлерінің және облыс музейлері басшылары мен қызметкерлері қатысады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, фестиваль аясында Түркістан тарихын арқау еткен суретшілер симпозиумы өтіп жатыр. Оған еліміздің әр өңірінен 12 суретші қатысуда. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері мен ҚР Мәдениет саласының үздіктері бар. Фестиваль барысында Түркістан тарихынан сыр шертетін 12 көлемді сурет салынып, ізденіс жұмыстары музей қорына тапсырылады.
Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі