2024-03-04 13:45:08
2.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда халықаралық режиссерлік лабораториясы басталды

Түркістанда халықаралық режиссерлік лабораториясы басталды

Бүгін Түркістанда «StarTDrama» театр лабораториясының және Түркістан музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен Халықаралық «Rejisser. Dramaturg. START-2023» режиссерлік лабораториясы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков арнайы қатысып, сәттілік тіледі.

–  Түркістан қаласы шын мәнінде тек қазақтың емес, түркі әлемінің мәдени, рухани ордасына айналып келеді. Облыс орталығында игі бастамалар қолға алынып, жаңа мамандар келіп жатыр. Облыста театр саласында да оң өзгерістер орын алуда. 3 кәсіби театрымыз түрлі жетістіктерді бағындыруда. Жақында ғана халықаралық «Көше театрлары» фестивалі өткізілсе, алдағы айда Райымбек Сейтметов ағамыздың 85 жылдығына орай республикалық театр фестивалі өткізіледі. Бүгінгі жоба өңірдің ғана емес, еліміздің театр саласының дамуына оң серпін береді деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, шығармашылық табыс тілеймін. Еңбектеріңіз жемісті болсын! – деді Әділ Нұржанұлы

Биыл үшінші рет өтіп жатқан «R.D.S» жобасы жас режиссерлер мен драматургтердің шығармашылық байланысын нығайту, олардың заманға сай идеялары мен жаңаша көзқарасын қалыптастыру және қазақ театр саласында жаңа драмалық шығармалар мен драматургтердің артуына себепкер болуды көздейді.

Аталған жобада ресейлік және қазақстандық театр режиссерлері бірлесе қазақстандық жас драматургтердің пьесаларымен жұмыс істейді. Сондай-ақ «R.D.S-2023» аясында Ресейден шақыртылған атақты театр қайраткерлері отандық театр өкілдеріне (режиссер, драматург, актер, менеджер) арнайы оқыту бағдарламасын ұсынбақ.

Жобада ресейлік атақты театр режиссері, «Современник» театрының көркемдік жетекшісі және режиссері, МХАТ мектеп-студиясының профессоры Виктор Рыжаков, драматургия бағыты бойынша белгілі драматург, «Золотая маска» жүлдесінің номинанты Олжас Жанайдаров жетекшілік етеді.

Аталған жобаның авторы – «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Түрксой» ұйымының шешімі бойынша «Түркі әлемінің үздік режиссері», Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі,  «StarTDrama» театр лабораториясының негізін қалаушы әрі жетекшісі, танымал режиссер Фархад Молдағали.

«R.D.S-2023» барысында қазақстандық жас театр қайраткерлерінің: режиссерлер, актерлер, театртанушылар мен театр суретшілерінің, драматургтердің білімін жетілдіру үшін арнайы шеберелік сыныптары, пікір алмасу, талдау-талқылау жұмыстары ұйымдастырылып, бірлескен режиссерлік жоба негізінде жарыққа шыққан қойылымдардың (спектакль эскиздерінің) көрсетілімдері өтеді. Пьесалар бойынша спектакльдердің эскизін Мәскеуден келген жас режиссерлер: Никита Марков, Ксения Отинова, Ильдар Хуснуллин, Иван Кузнецов, Арсель Узак, Александр Чеботарев, Дмитрий Курочкин дайындайды. Ресейлік әріптестермен бірге қазақстандық режиссерлер де эскиздердің қосалқы режиссерлері ретінде қатысады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР