2024-07-27 07:28:08
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда этнос өкілдері арасында облыстық байқау өтті

Түркістанда этнос өкілдері арасында облыстық байқау өтті

Бүгін «Ұлы Дала Елі» орталығында Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы аясында этнос өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты облыстық байқау өтті. Шараны Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы ашып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Облыста екі миллионнан астам халық болса, оның 24 % өзге этностар құрайды. Облыс халқының 95 % қазақ тілін меңгерсе, өзге ұлт өкілдерінің 74 % қазақ тілінде сөйлесе алады. Елімізде мемлекеттік тілге деген сұраныстың артуы, әсіресе жастардың мемлекеттік тілді оқып, үйренуге деген ынта-ықыласының күшеюі көңіл қуантады, – деді өз сөзінде Мұқағали Кенжетайұлы.

Аталмыш байқауға Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, журналист, композитор Бекжігіт Сердәлі, Түркістан қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Есбалаева және ақын, ұстаз Санжар Ғұлама қазылық етті.

Үш кезеңнен тұратын байқауға әр аудан, қалалардан озық деп танылған 15 үміткер бақ сынап, нәтижесінде Түркістан қаласынан қатысқан Севинч Каримжанова бас жүлде иегері атанды. Сонымен қатар Виктория Штыкель (Жетісай ауданы) жүлделі І орын, Сулухан Олжабаева (Мақтаарал ауданы) мен Гауһар Ибрагим (Созақ ауданы) ІІ орын, Насиба Сайдуллаева (Кентау қаласы), Гүлнәз Бахутова (Сайрам ауданы) және Зиннура Абдураимова (Сауран ауданы) ІІІ орынды иемденді. Байқау соңында барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен алғыс хат табысталды.

Айта кетейік, байқау мақсаты – Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Түркістан облысында жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру.

Түркістан облысының мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР