2024-02-21 03:33:23
-8.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда «Ауыл – мәдениеттің бастауы» облыстық байқауы қорытындыланды

Түркістанда «Ауыл – мәдениеттің бастауы» облыстық байқауы қорытындыланды

Бүгін Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасы және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен 2 қазанда басталған «Ауыл – мәдениеттің бастауы» атты ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар арасындағы облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Марапаттау рәсіміне басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаев арнайы қатысып, жеңімпаздарды құттықтады.

– Мәдениет ауылдан басталады. Талай өнерпаздар ауылдан шыққан. Өздеріңізге белгілі, биыл облыстың құрылғанына 5 жыл. Түркістанымыз көркейіп, заманауи мәдениет нысандары ел игілігіне берілді. Бес жылдық аясында кең көлемде бірқатар шара өткіздік. Соның бірі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі нағыз мәдениеттің үлгісін көрсете білді. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы Түркістан нағыз мәденеттің ордасына айналуы керек деген тапсырма берген болатын. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бүгінгі байқаудың да мақсаты сол, ауыл мәдениетін қолдауға бағытталған. Әлі де жалғасын табады деген сенімдемін, – деді Әзімхан Серікұлы.

Ауыл мәдениетінің бүгінгі жай-күйі басты назарда. Маусым айында Түркістанда өткен Ұлттық құрылтай жиындарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды да ауылдардағы мәдениет үйлерінің санын арттырып, сапасын көтеру керектігін айтып жүргенін жеткізген болатын.

Ауылдық мәдениет мекемелерінің жұмысына қолдау көрсету, оларды насихаттау, халыққа заманауи мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту, мәдениет мекемелерінің жұмыс сапасын арттыру мен халық шығармашылығын дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға жалпы 167 мәдениет ошағы қатысты. Оның ішінде 83 ауылдық мәдениет үйі және 84 ауылдық клуб бар. Сайыс талаптары бойынша ауылдық мәдениет үйлерінің басшылары және ауылдық клуб меңгерушілері өз жұмысын қорғады.

Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы қатысушылардың жұмысын жақсарту бойынша, олардың жергілікті жерде халық шығармашылығының жанрларына сай түрлі байқаулар мен фестивальдер ұйымдастыруына, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысуына, мәдениет ошағындағы іс-құжаттарының жүргізілуіне, көркемөнерпаз ұжымдары мен түрлі үйірмелердің және «Халықтық» атағы бар ұжымдардың жұмыс деңгейіне, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың ішкі және сыртқы көрінісіне (көрермен залы, үйірме бөлмелері мен сахнасы, фойесі байқауға лайық безендірілуі, әдістемелік бөлмелердің жұмысы), мәдениет ошағының техникалық базасына назар аударды.

Қазылар алқасының шешімімен ауылдық мәдениеті үйлері бойынша бас жүлде «Бірлік» ауылдық мәдениет үйіне (Жетісай ауданы), І орын «Балықты» ауылдық мәдениет үйі  (Түлкібас ауданы) мен «Қызылқия» ауылдық мәдениет үйіне (Қазығұрт ауданы), ІІ орын «Сарқырама» ауылдық мәдениет үйі (Төлеби ауданы) мен «Темір» ауылдық мәдениет үйіне (Отырар ауданы), ІІІ орын «Жібек жолы» ауылдық мәдениет үйі  (Сайрам ауданы) мен «Бесқұбыр» ауылдық мәдениет үйіне (Келес ауданы) және  «Қ.Тұрысбеков» ауылдық мәдениет үйіне (Шардара ауданы), «Атакент кенті» ауылдық мәдениет үйіне (Мақтаарал ауданы) бұйырды.

Ауылдық клубтар бойынша бас жүлде «Әлімтау» ауылдық клубына (Сарыағаш ауданы), І орын «Монтайтас» ауылдық клубы  (Арыс қаласы) мен «Тайқоңыр» ауылдық клубына (Созақ ауданы), ІІ орын «Қазақстанның ХХХ жылдығы» ауылдық клубы (Сауран ауданы) мен «Бейнеткеш» ауылдық клубына (Төлеби ауданы), ІІІ орын «Түлкібас» кенттік клубы (Түлкібас ауданы) мен «Байылдыр» ауылдық клубына (Кентау қаласы) және  М.Оразалиев ауылдық клубына (Сайрам ауданы) бұйырды.

Сонымен қатар «Үздік ауылдық мәдениет үйі қызметкері», «Үздік клуб қызметкері», «Үздік мәдениет қызметкері», «Үздік үйірме жетекшісі», «Үздік жас маман», «Үздік мәдени ұйымдастырушы», «Үздік ауылдық мәдениет үйі қызметкері» секілді арнайы жүлделер табысталды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР