2023-09-26 09:17:00
12.3 C
Shymkent

Көп қаралғандар

Түркістан: Жетісайда халықаралық жастар күніне орай концерт өтті

Түркістан облысы, Жетісай ауданында «Жалынды жастар жасасын» атты гала концерт өтті. Мерекелік кешті Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырған.

Жастар – қай заманда, қай елде болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы саналады. Олар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Сондықтан да олардың тиісті дәрежеде білім алуына, спортпен, ғылыммен, өнермен шұғылдануына мемлекеттік деңгейде үлкен қамқорлық жасалған. Тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыруда жастарға үлкен сенім артқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастар – жаңа идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші» деген болатын.

Өздерінің айтулы мерекесінде ауданның өнерпаз жастары көпшілікке әннен шашу шашып, күмбірлеген қоңыр үнді домбырадан күй төкті.

«Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздегі жаңа идеялардың туындауына себепші болады. Ал, жаңа идея қазақ елінің жаңаруына бағыт алып, Жаңа Қазақстанды құруға нық қадам бастайды. Тек бізде ғана емес, әлем жұртшылығы жастардың алып күш иесі екендігін мойындайды. Сондықтан, бір жылдың айтулы бір күні арнайы жастар мерекесі болып күнтізбеде бекітілген. Яғни, 12 тамыз – Халықаралық Жастар күні ретінде аталып өтіледі. Айтулы мереке баршаңызға құтты болсын!» деген Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Марат Фаритұлы жұртшылықты мерекемен құттықтап, іс-шараның өтуіне белсене қатысқан өнерпаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

Аталмыш шара барысында болашақтың жауапкершілігін иығына арқалаған, уақыттың кез келген сынағына дайын, бәсекеге төтеп бере алатын жастардың санасы сергек, замандық технологияларды толықтай меңгердігіне келген көрермен тағы да бір көз жеткізді.

Айта кетейік, мұндай мәдени-сауықтыру шаралары енді әр аптаның сенбі күні Жетісай ауданының орталық алаңында дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР