2024-07-27 07:32:47
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан төрінде Арыс қаласының мәдени күндері басталды

Түркістан төрінде Арыс қаласының мәдени күндері басталды

Бүгін облыс орталығы киелі Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында үш күнге созылатын Арыс қаласының мәдени күндері түңлігін түрді.

Арыс қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімі қаламыздың 300-ге жуық өнерпаздарының басын қосып, түркістандықтар мен қала қонақтарына өз өнерлерін паш етті.

Іс-шара этно-ауыл кешенінен бастау алды. Мұнда келушілер Арыс қаласының қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалады. Ашық аспан астындағы көрмеге Арыс қалалық музейі де қаламыздың терең тарихынан паш ететін жәдігерлерді ұсынды. Ал, қаламыздан шыққан суретшілер мен мүсіншілердің туындылары келушілерді ерекше тәнті етті.

Бұдан кейін, этно-ауыл аумағында қаламыздың өнерпаздары мен Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бай салт-дәстүрімізді насихаттайтын керемет шаралар көрініс тапты. Мұнда ақ жаулықты әжелер тулақ тарту, текемет басу, сырға салу сынды ғұрыптарды насихаттап, арғысы Ақмола, Арқалық, берісі Тараз, Қызылордадан келген қонақтарға ерекше әсер сыйлады.

Арыстың дархан халқы түркістандықтар мен қала қонақтарына ұлттық тағамнан дәм ұсынып, нағыз қазақы қонақжайлық көрсетті.

Ал мерекелік кештің көрігін қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ардагерлер ансамблі қыздыра түсті.

Мың бұралған арыстық бишілер мен күміс көмей әншілер ән-биден шашу шашып, өнерпаздар сахналық қойылымдар қойды. Осылайша, Арыс қаласының Түркістан қаласындағы мәдени күндері ашық деп жарияланды

Айта кетейік, мерекелік концерттік бағдарламалар легі 23 шілдеге дейін жалғасатын болады. Оның аясында түрлі мерекелік іс-шаралар өтеді деп жоспарланған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР