2024-07-27 09:23:28
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: Спорт клубтары арасында шағын футболдан облыс үздіктері анықталды

Түркістан: Спорт клубтары арасында шағын футболдан облыс үздіктері анықталды

Жетісай ауданында шағын футболдан Түркістан облысының біріншілігі өтті.

Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бекіткен ережесіне сай ұйымдастырылған спартакиадаға Жетісай, Мақтаарал, Келес, Ордабасы, Сайрам, Созақ, Отырар, Сауран аудандарымен қатар Түркістан мен Кентау қалаларының командалары қатысты.

Дүбірді додада спорт клубтары қызметкерлерінен жасақталған 11 командада 120-ға тарта спортшы бақ сынап, жасыл алаңда өзара мықтыларды анықтады. Сайыстың ашылу салтанатына Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Айтжан Бердешов, Халықаралық дәрежедегі төреші, спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған спартакиадада әр команда кездесудің алғашқы минуттарынан бастап өздерінің жеңіске деген құлшыныстарын байқатты.

Жанкүйерлердің делебесін қоздырып, спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған теңбіл доп шеберлері сайысының қорытындысы бойынша өзге командалардан айла-тәсілі мен тәжірибесін арттырған Ордабасы ауданының «Темірлан спорт клубы» командасы IV орынға, Созақ ауданының «Созақ спорт клубы» командасы ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын Сайрам ауданының «Ақсу жекпе-жек клубы» командасына бұйырды. Ал, жүлделі І орынды «Жетісай спорт клубы» командасының ойыншылары иеленіп, алаң иелері жеңімпаз атанды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік ойыншылар арнайы кубокпен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, ұйымдастырушылардың дипломдары мен медальдарына ие болды.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР