2024-07-27 08:15:00
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: Созақта Бәйдібек ауданының мәдениет күндері өтті

Түркістан: Созақта Бәйдібек ауданының мәдениет күндері өтті

Түркістан облысында «Туған жер – алтын бесігім» атты қала, ауданаралық мәдениет күндері бастау алған болатын. Осы орайда мәдени байланысты нығайтуға бағытталған шара аясында өткен аптада Бәйдібек ауданының Созақ ауданындағы мәдениет күндері өткізілді.

Бәйдібектік өнерпаздардың  Созақ ауданының орталығындағы «Мыңжылқы» мәдениет үйінде «Берекелі Бәйдібектен – шежірелі Созаққа сәлем!» атты Гала-концерті өтті. Бәйдібек ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Берік Тұрлыбеков пен  Созақ ауданы әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы қатысты. Бәйдібектен Созаққа естелік ретінде сый табысталып, құрмет көрсетілді. Шарада Берік Нұрғалиұлы көрші орналасқан Созақ ауданының халқына құттықтау тілегін білдірді.

– Құрметті созақтықтар! Бәйдібек ауданының өнерпаздары бүгін таңертеңнен сіздердің алдарыңызда өз өнерін көрсетуде. Қаратаудың екі бетін бойлай орналасқан екі аудан бір-бірімен жақын болып кеткені шындық. Созақ – қазақтың қасиетті мекені. Созақ даласының тарихтағы орны қазақ әдебиетінде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан бастап, көптеген тарихи романдарда айшықталған. Мұнда Алпамыс батыр жырында айтыла беретін Баба түкті Шашты Әзіз жатыр. Түгел түркі жұртына ортақ тұлға Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың жаназасын шығарған Қара бура әулие де осында. Елім-ай әніндегі, «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген атақты Қаратауда осы Созақ ауданында көсіліп жатыр. Қазақ тарихы айтылғанда Созақ даласын айналып өте алмайды. Өйткені қазақ ел болып ең алғашқы туын тіккенде Созақ астана болды деген деректер бар. Бұл – Созақ шежіресі. Қазақтың ұлы классик жазушысы М.О.Әуезов «Шаян барсаң әншімін деме, Созақ барсаң күйшімін деме» деген сөзін дәлелдеп келе жатқан екі ауданның өнерпаздарына шығармашылық табыс тілеймін, – деді Берік Тұрлыбеков.

Аудандық мәдениет үйінде «Бәйдібек – ғажайып өлке» сурет көрмесі, «Бәйдібегім – туған өлкем, тұнған жерім, шежірем» кітап көрмесі және түрлі қолөнер шеберлерінің көрмесі орнатылып таныстырылды. Шара барысында Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» драмасы сомдалып, «Төркіндеу» дәстүріне байланысты көріністер көрсетілді. «Сырлы Созақ кең далам Бәйдібектен сәлем жолдап ән салам» атты О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің «Саз отау» ұлт-аспаптар оркестрінің концерті өтіп, бәйдібектік композиторларының әндері шырқалды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР