2024-07-27 12:31:33
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: Қазығұртта жекпе-жек ұлттық спорт түрінен республикалық чемпионат өтіп жатыр

Түркістан: Қазығұртта жекпе-жек ұлттық спорт түрінен республикалық чемпионат өтіп жатыр

Астана күні мерекесі қарсаңында, Қазығұрт ауданы орталығында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен жасөспірімдер арасында республикалық сайыс басталды.

Бірнеше күнге жалғасатын бұл чемпионатқа еліміздің 12 өңірі мен қалаларынан командалар келіп, өз бақтарын сынап жатыр.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов, ҚР Жекпе-жек Ұлттық федерациясының президенті Ерназар Әлімбетов, аудандық мәслихаттың төрағасы Тайбек Қалымбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Аудан әкімі өз сөзінде мерейлі мерекемен барша азаматтарды құттықтап, спортшыларға сәттілік тіледі.

— Дені сау ұлт — бәсекеге қабілетті болады. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін бұқаралық спортты дамытуға бар мүмкіндікті жасап жатыр. Жекпе-жек спорт түрі тарихта қазақ батырларының әскери-жауынгерлік өнері ретінде дархан даламызға кеңінен тараған. Осы тұста жас балуандар бірнеше күндік сайыс кезеңінде білектілер мен жүректілердің қатарында бабалар салған ізді жаңғыртып, жалғастырады, — дейді сайысты ұйымдастырушылар.

Еске сала кетсек, республикалық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 9 шілде күні анықталады.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР