2024-07-27 07:26:41
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: Отырарда Есжан Айнабековты еске алуға арналған жыр мүшәйрасы өтті

Түркістан: Отырарда Есжан Айнабековты еске алуға арналған жыр мүшәйрасы өтті

Отырар ауданында жалынды журналист, жазушы, ақын Есжан Айнабековті еске алуға арналған «Отырардың отты перзенті» атты жыр мүшәйрасы өтті.

Ақынның туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған кештің шымылдығын  Қазақстан Республикасының Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым, аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлы алғы сөзбен ашып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Ақын Қазыбек Иса  Есжан Айнабековпен достығы туралы кеңінен әңгімелеп, оның  ерекше дарын иесі болғандығы және желтоқсан оқиғасына қатысқан қаһармандығы туралы айтып, өз естеліктерін бөлісті.

Аудандық мәдениет сарайында өткен кеш барысында  Есжан Айнабековтің «Ескерткіш» әңгімесінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетілді. Сонымен қатар аудан өнерпазы Нұрсұлтан Жақсылық ақынның сөзіне жазылған Еркебай Көшербаевтың «Күлімкөздің жүзігі»  әнін орындаса, ауыл  жастары ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Есжан Айнабековтің туыстары мен достары оның жарқын бейнесі мен бірегей болмысы, азаматтығы туралы естелік айтты.

Жыр мүшәйрасына қазылық еткен қаламгерлердің шешімі бойынша өз туындыларын ұсынған талапкерлер жүлделі орындармен марапатталды. Атап айтсақ, Бақдәулет Анарбай бас жүлде иегері атанды. Ал Раушан Мұратова I орын, Нұрғали Сердалиев пен Бауыржан Ерман ІІ орын, Ербол Садыбай мен Асқарбек Сапарбай және Гауһар Жүсіпәлиева ІІІ орын иеленді. Өзге де қатысушыларға «Қазақ үні» газетінің арнайы жүлдесі мен ынталандыру сыйлықтары табысталды. Осылайша Есжан Айнабековті еске алуға арналған кеш өз мәресіне жетті.

Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР