Бүгін түркі елдерінің өкілдері арасында туристік форумында Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, өңірде туризм саласы бойынша атқарылған және қолға алынған істерге тоқталды.
– Түркістан қаласы түркі халықтары үшін орны ерекше, рухани маңызды, ер түріктің бесігі атанған қасиетті жер. Бірегей архитектуралық-тарихи және археологиялық ескерткіштері, таңғажайып табиғаты мен өзіндік мәдениеті бар өңіріміз туризмді өңірлік және халықаралық деңгейде дамыту үшін зор әлеуетке ие. Өңірдегі тарихи-танымдық пен экологиялық туризм және емдік-сауықтыру туризмі жақсы дамыған. Тарих пен өркениет тоғысқан Түркістан облысы атқарылған жұмыстар нәтижесінде күн санап көркейіп келеді. Сонымен қатар облыс орталығында аз уақыттың ішінде теңдесі жоқ «Керуен сарай» туристік кешені, амфитеатор, ерекше мұражайлар мен заманауи әлеуметтік-мәдени кешендер іске қосылды. Түркістанды түркі әлемінің туристік астанасы ретінде ілгерілету және өңірге туристерді тарту мақсатында облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта бірқатар шаралар қолға алынды. Облыс аумағында 1770 тарихи және мәдени ескерткіш бар. Соның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұра нысандарының тізіміне Қ.А.Ясауи кесенесі енгізілген. Қ.А.Ясауи кесенесіне жыл сайын елімізден және шетелден келушілер қатары көбейіп келеді, – деді басқарма басшысы.
Келелі жиынға Түркі Мемлекеттері Ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы орынбасары, Түркістан облысы мен Қоқан қаласының әкімі, ҚР Туризм және спорт министрлігі, түркі елдерінің туризмге қатысты министрліктері мен ҚР орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті, туризм саласының және қоғамдық қауымдастық өкілдері қатысты. Күні кеше ТМҰ елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысы аясында Түркістанды 2024 жылға арналған Түркі әлемінің туристік астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Осы шешім туралы ресми хабарландыру ел басшыларының саммитінде жоспарлануда.
Айта кетейік, Өңірде 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. Олар ЮНЕСКО биосфералық объектілерінің тізіліміне енгізілген. Атап айтқанда «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Түркістан облысы таулы және тау бөктерінде орналасқан алуан түрлі табиғи нысандарға бай, ерекше қорғалатын табиғи объектілерден бөлек әуесқой бір күндік бағыттары кеңінен дамыған. Олардың қатарында Қазығұрт тауы, Ақбура бұлағы, Қырық Шілтен жырасы, Әулие «Жылақата», Машат шатқалы бар. Облыста туристерді тарту мақсатында жыл басынан бері ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін де туристерді тарту бағытындағы шаралар өтеді.