2024-04-23 07:36:25
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: «Арпаөзен» петроглифтерін халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі

Түркістан: «Арпаөзен» петроглифтерін халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі

Түркістан облысында Түркістанның басты құндылықтары негізге алынып, облыстың мәдениет саласын дамытудың тұжырымдамасы дайындалды. Руханият саласын жандандыру, мәдениет мекемелерінің жай-күйін жақсарту, мәдениет саласындағы кадр тапшылығын шешу және шығармашылық адамдарына қолдау көрсету мақсатында дайындалған тұжырымдама негізгі 6 бағыттан тұрады. Олар: Түркістан – рухани елорда; Археология және мәдени мұралар; Ауыл – мәдениеттің бастауы; Кино – тәрбие құралы; Кітап – құнды қазына; Мәдениет және өркениет. Тұжырымдама 2023-2028 жылдар аралығында жүзеге асады. Бірқатары басталып та үлгерген.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған салаға жауапты басқарма басшысының жоспарын тыңдап, өңірдегі мәдени іс-шараларды республикалық және халықаралық деңгейге шығаруды тапсырды. Сонымен бірге халықты кітап оқуға, театрға қызықтыру, өнер ұжымдарының деңгейін көтеру, мәдени іс-шаралар арқылы туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Түркістанның түркі әлемі үшін маңызы жоғары екенін білесіздер. Мәдениет саласында Түркістанның өз брендін, өз ерекшелігін қалыптастыру керек. Түркістанның мәдени іс-шаралары ұлттық рухы оятатындай әсерлі болуы тиіс. Мәдени іс-шаралардың деңгейін халықаралық, кем дегенде республикалық деңгейге көтерген жөн. Оған әлеуетіміз жетеді. Концерттік бағдарламалар, мерекелік іс-шараларда қазақтың ұлтық аспаптарына, мәдениетіне, ерекшелігіне басымдық берілгені абзал. Алдымен өз ән-күйімізді, киім үлгімізді, мәдениетімізді мықтап дамытып алайық. Шетелдік туристерді өзіміздің ұлттық болмысымызбен, мәдениетімізбен қызықтыра аламыз. Ән, би ұжымдарының киімінен бастап, репертуарларын да жақсартуға күш салыңыздар. Театрларымыз облыстағы аудан, қалаларға гастрольдік сапармен барсын. Елді театрға тарту қажет. Анимация, кино арқылы Түркістанның тарихын жұртшылыққа көрсету де маңызды, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев тұжырымдамада өңір мәдениетін дамытуға бағытталған маңызды бастамалар, жобалар қамтылғанын мәлімдеді. Онда мәдениет орындарын білікті өнерпаздармен толықтыру, таланттарды іздеу, мәдениет ошақтарын жөндеу, салу, тарихи кітаптар, фильмдер шығару және өзге де мәселелер көрініс тапқан.

Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, биыл халықаралық мәдени мұралар тізіміне енгізу мақсатында «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Зерттеу нәтижесінде 5000-нан астам петроглифтің сыры ашылып, халықаралық тізімге енгізу бойынша ұсыныс жолданады.

Жалпы өңірде тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы 1994 жылы шығарылған. Жинаққа 700-ге жуық тарих және мәдениет ескерткіштері енгізілген. Ал бүгінде 1770  тарихи-мәдени ескерткіш бар.  Бүгінгі күнге дейін анықталған тарихи-мәдени мұралар бойынша кезең-кезеңімен ескерткіштер жинағын шығару жоспарлануда.

Облыста «Түркістан облысы аумағындағы ежелгі қалалар» жобасын өткізу, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай халықаралық конференция өткізу межеленіп отыр. Тұжырымдамның 4 бағытында Қожа Ахмет Ясауидің өмірбаяны, тарихы, мұрасы жайлы кино, деректі, анимациялық фильмдермен қатар, қазақ тарихындағы басқа да елеулі тұлғалардың өмірі кинотаспаға түсіріліп, насихатталады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР