2024-06-22 02:25:43
22.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістан: 72 жастағы ақсақал туған жеріне спорт алаңшасын тарту етті

Түркістан: 72 жастағы ақсақал туған жеріне спорт алаңшасын тарту етті

Отырар ауданында 72 жастағы ақсақал, ел жанашыры Дүйсенбек Божаевтың демеушілігімен балаларға арналған ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілді. Іс-шараға аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысып, туған жерін түлетуге атсалысқан азаматқа ауыл халқының атынан алғысын айтты.

– «Ауылына қарап азаматын таны» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Киелі Отырар ауданының, оның ішінде Темір ауылының өсіп-өркендеуі, гүлденуі осы ауылдан шыққан ел ағаларының туған жеріне деген ыстық ілтипаты мен адал еңбегінің арқасында деп білемін. Осы орайда, мемлекет саясатын іске асыруда өзінің азаматтық борышына адалдық танытып, туған елінің, туған жерінің дамуына атсалысып келе жатқан сізге шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Мырзахан Манапов пен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Отырар ауданының құрметті азаматы Жонарбек Қаныбеков спорттық нысан ауыл жастарының дені сау болып өсуіне, спортпен шұғылдануына, осы ауылдан талай чемпиондардың шығуына себепкер болады деген сенімдерін білдірді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бектіқұл Арзықұл мен Темір ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Төрехан Амантай ел игілігі жолындағы өнегелі іске ұйытқы болған Дүйсенбек Божаевқа ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Жаңа ойын алаңшасының лентасы қиылып, 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы аудандық турнир өтті. Турнир соңында жеңімпаздар марапатталып, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Айта кетейік, ауданда бұқаралық спортты дамыту бағытында 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 1 спорт клубы жұмыс істейді. Аталған спорт мектептерінде спорттың 8 түрінен үйірме ұйымдастырылып, 1060 оқушы қамтылған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР