2024-07-27 08:46:58
27.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Страйкболдан өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

Страйкболдан өткен ашық чемпионаттың жеңімпаздары анықталды

15-16 маусым күндері аралығында Түлкібас ауданында өткен халықаралық «Eagles of Turkistan» атты страйкболдан ашық чемпионат өтті. Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған чемпионатқа көршілес елден 3 топ қатысты.

Екі күн бойы шетелдік және қазақстандық 10 команда құрамындағы 70 қатысушы Тұрар Рысқұлов ауылының полигон алаңында өз шеберлігін көрсетті. Нәтижесінде Қырғызстан Республикасының «Legion» тобы жеңімпаз атанып, «Pokémon’s» тобы жүлделі ІІ орынды, Алматылық «Beta FBI HRT» тобы ІІІ орынды қанжығалады. Жеңімпаз топтарға және ойын барысында мергендігімен көзге түскендерге арнайы сыйлықтар табысталды.

Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Ербол Орманов марапаттау рәсіміне қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Шекара асып келген көршілес ел мен қызығушылық танытқан барлық қатысушыға ризашылығын білдірді.

Осылайша, Түлкібаста тек экстремалды-спорттық бәсекені өткізіп қана қоймай, шетелдік және отандық командаларға Түлкібас ауданының туристік потенциалын таныстыру және экотуризм бағытын насихаттауға басымдық берілді.

Айта кетейік, «Eagles of Turkistan» халықаралық ашық чемпионатына Алматы мен Ақмола облыстары, Алматы және Шымкент қалаларынан ойыншылар келіп, қатысты. Екі күн бойы Түлкібас ауданында өткен доданы 200-ге жуық адам тамашалады.

Түркістан облыстық мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР