2024-02-21 04:40:16
-8.7 C
Шымкент

Көп қаралғандар

“Спортты насихаттайтын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың жұмысында кемшілік көп” — Әлихан Смайылов

“Спортты насихаттайтын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың жұмысында кемшілік көп” — Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қаралды.

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде ауылдың 500 мың тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізілетінін хабарлады. Соңғы жылдары марафондар, велошерулер, отбасылық жарыстар, бұқаралық коньки тебу, т. б. іс-шаралардың танымалдығы артып келеді. Жалпы, бүгінде елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардардың саны 38%-дан асады (7,5 млн-нан астам адам).

Сонымен қатар елімізде 800-ден астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 1,3 млн-ға жуық бала қамтылған 49 мыңнан астам спорт үйірмесі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік спорт тапсырысы шеңберінде биыл 190 мыңнан астам бала спорт үйірмелерімен қамтылған.

Министр Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар екенін, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқанын айтты. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу істеріне және тиісті құрал-жабдықтарға қажеттілік анықталып отыр.

Сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірлерде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.

Үкімет басшысы спорт пен белсенді өмір салты ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашатынын атап өтті. Бұл әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды.

Осыған байланысты ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажеттігін айтты.

«Елімізде жақсы дәстүрге айналған әртүрлі жастағы адамдарға арналған бұқаралық марафондар мен жарыстар туралы бәрі біледі. Соңғы жылдары барлық жерде спорт алаңдары мен басқа да ірі объектілер салынуда. Біз спортпен шұғылданатын адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Үйлердің аулаларында, скверлерде және саябақтарда орнатылған тренажерларды ешкімге қажет емес деп санаған скептиктер де аз болған жоқ», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселелер шешімін таппағынын атап өтті. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.

«Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады: футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалғанын атап өтті. Ал Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ.

«Бізде спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов Астанадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне жұртшылықтың наразы екенін баса айтты.

«Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар жүргізіп келеміз, алайда, кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе, әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Осыған байланысты Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50%-ын дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Осыған байланысты Әлихан Смайылов салалық Министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр жұмыс істеп тұрған спорт нысандарының инвентаризациясын аяқтап, олардың қажеттіліктерін айқындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай нысанның мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек», — деді ол.

Үкімет басшысы сондай-ақ өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті.

Сөз соңында Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктері әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР