2024-06-16 10:35:55
31.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Сауран ауданының мәдениет күндері қорытындыланды

Сауран ауданының мәдениет күндері қорытындыланды

Түркістанда «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі аясында Сауран ауданының мәдениет күндері қорытындыланды. Патриоттық пен ұлттық салт-дәстүрге негізделген шараға Сауран ауданының әкімі Ғалымжан Үсенбаев қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарын 4 маусым –Қазақстан Республикасының Рәміздер күнімен құттықтады.

Түркістан облысының 5 жылдығына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шара бүгінгі мерекеге орай «Көне Сауран қалашығынан – Киелі Түркістанға» атты Көк байрақты шерумен басталды.

Шара барысында «Асқақта асыл арманым» атауымен композитор, сазгер Шерхан Әлібековтің жеке шығармашылық ән кеші мен «Дәстүрімді сағынам сол баяғы» атты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаухан Жолановтың жеке шығармашылық кеші өтті. Сонымен қатар «Салт-дәстүр – сан ғасырлық саф мұра» атты әдет-ғұрыпқа негізделген, атап айтқанда «Бір кем дүние» қойылымы, құдалық, қыз жасауы, тұсау кесу, бесікке салу, шежіре, билер тартысы, бата т.б салт-дәстүр көріністері көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан бөлек ұлттық спорт ойындарынан, атап айтқанда қол күрес, гір көтеру және леңгі тебуден сайыстар ұйымдастырылды.

Алғашқы күні «Visit Turkistan» орталығы алаңында мәдениет үйі қызметкерлері сахналаған «Бір кем дүние» көрінісімен басталған мерекелік думанды белгілі айтыскер, «Алтын домбыра» иегері Еркебұлан Қайназаровтың арнауы жалғады. Салтанатты шараға аудан әкімі арнайы қатысқан болатын. Аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен гала-концертте Нұржан Төлендиев, Бақытжан Мұстафаев, Нұржан Қалжан, Данияр Барыс сынды елімізге танымал жұлдыздар өнер көрсетті. Бұған қоса көркемсөз оқылып, эстрадалық әндер шырқалған еді.

Ал екінші күні Этноауылда Сауран ауданының суретшілер және «Қолөнер – сырлы өнер» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Сонымен бірге ауданның жетістіктері туралы арнайы көрме жасақталған. Мұнда әшекеймен қатар, ағаштан жасалған бұйымдар, құрақ, тағы басқа тартымды дүниелер орналастырылған болатын.

Айта кетейік, аталмыш фестиваль шілде айының соңына дейін әр апта сайын өтеді. Келесі көшті 9-11 маусым аралығында Сарыағаш ауданының өнерпаздары жалғастыратын болады.

Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР