2024-04-17 00:00:31
13.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазығұрттық футболшылар халықаралық турнирде жүлдегер атанды

Қазығұрттық футболшылар халықаралық турнирде жүлдегер атанды

3-орын үшін болған матчта Қазақстан футболшылары Әзербайжан құрамасымен күш сынасты. Қазығұрттық әуесқой футболшылар халықаралық турнирдің қола жүлдегері атанды. Мамыр айының 1-6 мамыр күндері Әзербайжан астанасы Баку қаласында кіші футболдан әуесқойлар арасында халықаралық турнир өтті.

Әзербайжан халқының ұлы перзенті Гейдар Алиевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған турнирге әлемнің әр шалғайынан 10 құрама команда бақ сынады. «А» тобында турнир қожайындары Әзербайжанмен қатар, Чехия, Сербия, Грузия және Италия құрама командалары болды. Ал, «В» тобында Қазақстан, Франция, Түркия, Украина және Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары өзара шеберлік байқасты.

Осы орайда, Қазақстан құрамасының намысын Түркістан облысы, Қазығұрт ауданындағы Қызылқия ауылының командасы қорғады. «Тілеу Қызылқия» клубы 2020 жылы құрылған болатын. Білікті бапкер Мирас Қарабаев жетекшілік ететін команда бұл турнирге Шымкентте тыңғылықты дайындық жасады.

Айта кетерлігі, «Тілеу Қызылқия» клубының президенті Қайсар Балтаев футболшылардың үлкен жетістіктерге жетуі жолында зор қолдау жасап келеді. Ойындарға тоқталсақ, топтық кезеңде жерлестеріміз Украинаны 1:0 есебімен жеңді. Келесі матчтарда Оңтүстік Африка Республикасын 5:1 есебімен жеңіп, Түркияға 0:2 есебімен есе жіберді. Дегенмен, шешуші матчта қазақ футболшылары Франция құрамасына қарсы ойын өткізіп, мықтылықтарын танытты. Есеп — 3:1. Осылайша, Қазақстан құрама командасы топтан бірінші орынды алғаны үшін тікелей жартылай финалға жолдама алды.

Бұл кезеңде, жерлестеріміз 5 кәсіби футболшысы бар Чехия құрамасына тегеурінді қарсылық танытты. Алайда бұл ойын еуропалықтардың жеңісімен аяқталды. Дегенмен, 3-орын үшін болған матчта Қазақстан футболшылары Әзербайжан құрамасымен күш сынасты. Осы орайда, Еркебұлан Қасқырбаев есеп ашып, мергендігімен көзге түсті. Бұдан соң қарсыластар таразы басын теңестірді. Ойында үздік техникасымен дараланған Наурыз Әшенов есепті 2:1-ге жеткізді. Екінші таймда әзірбайжандықтар тағы бір голмен жауап қайтарып, негізгі уақытта 2:2 есебі тіркелді. Осылайша, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды.

Бұл орайда, жерлестеріміз мүлт кетпей, үздіктер қатарынан табылып, қола медальді олжалады. Финалда Чехия құрама командасы Сербияны 4:3 есебімен жеңіп, чемпион атанды. Турнир соңында марапаттау рәсімі өтіп, жүлдегерлерге медальдар табысталды. Айта кетсек, жүлдегер футболшылар осы жарысқа ұжымды дайындаған клуб президенті Қайсар Балтаевқа, Бакуге баруға ұйытқы болған Түркістан облысы Әуесқой Футбол Лигасының директоры Олжас Бастаровқа өз алғыстарын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР