2024-04-23 06:55:38
14.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Қазығұрт таулары тарихи мұра болып қалмақ

Қазығұрт таулары тарихи мұра болып қалмақ

Бүкіл қазақ білетін киелі Қазығұрт тауына саяхат жасайтындар аз емес. Осы таудың ең биік нүктесі 1768 метрге көтеріліп, демалысына демалыс қосып, өз-өзіне адреналин сыйлайтындар да жетерлік. Ол әрі спорт, әрі туған жердің тарихына деген жанашырлық.

Қазығұрт өңірі – жаңа өркениеттің, жаңа өмірдің бастауы дейміз. Көктем Оңтүстіктен басталады деп жиі айтылады. Атақ-даңқы алты алашқа жайылып, әулие атанған ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз Қазығұрттан басталады» депті. Текке айтпаса керек. Осыдан он үш мың жыл бұрын Ұлыстың Ұлы күні Нұх пайғамбар кемесі тоқтаған тұста мерекеленген деген аңыз бар. Белгілі этнограф-ғалым Жағда Бабалық бұл орайда нақты дәлелдер келтірген.

«Бабалар рухына тағзым» кешенінде Алаш арыс­тары, Асыл ана, Қажымұқан Мұңайтпасов ескерткіштерінің ашылуы аудан халқының ғана емес, жалпы еліміздің үлкен қуа­ны­шы мен мақтанышы. Біз жаңа дәуірге қадам басып келе жатқан егемен елміз. Бірақ өткенді ұмытпаймыз. Өйт­кені ба­ба­ларымыздың елі­міз үшін атқарған еңбектері ұрпақ­қа өне­ге болып, жастарды отан­шыл­дық рухта тәрбиелеуге тамаша үлгі болып қала береді», деді аудан әкімі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов тәуелсіздігімізді мәң­гілік ету үшін ел тари­хын терең зерттеу қажет екенін айтып өтті. «Осыдан оншақты жыл бұрын мына төбе ауылдың қозы-лағы жайылып жүретін жота болатын. Ал енді қазір қазақ халқының тарихи-танымдық кешеніне айналды. Еліміздің түкпір-түк­пірінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында көптеген жұмыс атқарылып жатыр», деді Қ.Айтаханов. Профессор,  Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері Өмірзақ Озғанбаев биыл Қарағанды облысында Алаш қайраткері Әлихан Нұрмұханбетұлы атын­дағы аудан, Семейде университет ашылғанын, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының көптеген мектебіне Алаш қай­рат­керлерінің есімі беріл­генін жеткізді. «Ескерткіш елі­міз­ді бірлікке шақырады. Біз қа­шанда осы Қазығұрттан қайта жан­данғанбыз. Қазығұрт біз­дің киелі жеріміз, біздің жаңғыруы­мыздың бастауы. Сондықтан бұл ескерткіш қашанда жастар­дың әсіресе, білімге, ғылымға ұм­тыл­ған ұрпақтың келіп, тағзым ете­тін, тәлім алатын жері бола­ды. Бұйырса алаштану жал­ға­сады. Алаш болып оянып, Алаш болып жүруіміз керек, 24 саға­тымыз жауапкершілік болуға тиіс. Бұл ескерткіш соған ша­қырып тұр», деді филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қам­забекұлы. Сонымен бірге осы күні «Анаға тағзым» және Қажы­мұқан Мұңайтпасовқа арналған ескерткіштердің де ашылу салтанаты өтті. Даңқты балуанның 150 жылдығына арналған ескерткішке және ананың мейірімі суреттелген өнер туындысына қонақтар оң бағасын берді. Белгілі ақын, жазушы Нармахан Бегалиев күш ат­асы Қажымұқан Мұңайтпасов ес­керткішінің маңызына тоқ­та­лып, осы игі істі жүзеге асыр­ған Бекет Тұрғараевқа «Қажы­мұ­қ­ан қағанаты» кітабын тарту етті.

Түркістан өңірінде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отыр. Туризмді өңірдің негізгі драйверлерінің бірі ретінде дамыту назарда тұр.

Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті күшейді. Нысандар пайдалануға беріліп, инфрақұрылымы жақсарды. Өңірге туристерді молынан тартуда жолдың да маңызы зор. 2021 жылы 591 нысан немесе 1189,1 шақырым пайдалануға беріліп, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының қанағатты жағдайдағы үлесі 79%-дан 87%-ға дейін артты. Былтыр 1300 шақырымнан астам жол мен көше құрылыс-жөндеу жұмысымен қамтылды.

Қазығұрт ауданы халқының табысын арттыру мақсатында мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр 7 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ауданнын экономикалық белсенді халық санына қарай 551 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 829-і ашылды. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табатын болады.

Бүгінгі таңда облысымыз­да Қазығұрттың атымен аудан, ауыл, мектеп, көше және жекеменшік (тойхана, кафе, дү­кен, т.б.) бірқатар нысандар аталады. Қазығұртты жаңғырту және оны елге танымал ету мақсатында облыс, аудан тарапынан көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, Шымкент – Ташкент тас жолының бойындағы асуға «Кеме қалған» монументі орнатылды, «Қазығұрт» энциклопедиясы жарық көрді, бірлік пен берекенің, татулық пен достықтың, ырыс пен ынтымақтың жарқын мерекесі «Наурыз мейрамы» Қазығұрттан бастау алды.

Ауданның экономикасы да қарқындап өсіп келеді. Бірқатар игі істер қолға алынып, Қазығұртқа түрлі қоғамдық ұйымдардың қатысуымен саяхаттар ұйымдастырылуда.

Елдің тұрмыс жағдайы жақсара түссе, келушілерге жылы пейіл танытып жатса, туризмнің дамуына ол да сеп болары анық. Былтыр облыс әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына іссапармен барды. Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленгенін жеткізді. Салынатын мектептер жаңа форматта болады. Жоба шеңберінде Қазығұрт ауданында үш мектеп салынбақ.

– Қазығұрт ауданын дамыту мәселесі назарда тұр. Ауасы таза, табиғаты көркем аймақта ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік салаларын дамытуға мүмкіндік мол. Өздеріңізбен арнайы жүздесіп, өтініштер мен ұсыныстарды тыңдауға келдік. Басқарма басшылары да осында тұр. Еркін пікір алмасуға дайынбыз. Жалпы ауданды дамыту бағытында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында биыл 7 елді мекенде 14 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Шанақ, Жігерген елді мекендерінде жаңадан 200 орындық мәдениет үйлерін салуға, Қақпақ, Ынталы елді мекендерінде 2 дәрігерлік амбулатория салуға қаржы қаралды. Жігерген, Қаржан елді мекендерінде 21 шақырымды құрайтын 13 көшеге асфальт төселеді. Жаңабазар елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Шанақ, Ақжар елді мекендерін табиғи газбен қамтуға тиісті қаражат бағытталды, – деді Дархан Сатыбалды.

Өңір басшысы кездесу барысында қазығұрттықтардың қойған сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Сонымен қатар жеке қабылдау өткізіп, жергілікті билік өкілдері мен басқарма басшыларына қабылдауда болған азаматтардың мәселелерін шешуді тапсырды.

Тұрғындар тарапынан мектеп салу, жер мәселесі, ономастика, ауыз су, инфрақұрылымды жақсарту, Өгем суын тиімді пайдалану және өзге де түйткілдер бойынша сұрақтар қойылды.

Қазығұрт ауданының инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту үшін 15 бюджеттік инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Аудан тұрғындарының 98,6%-ы немесе 100 мыңнан астам адам таза ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен 98,2% қамтылған. Ызабұлақ, Шанақ және Ақжар ауылдарын табиғи газбен қамту бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны – 889,9 млн. теңге. Биыл пайдалануға беріледі.

Қазығұрт ауданына іссапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қақпақ ауыл округінде орналасқан «Қарқын – 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық шығару цехына барды. Кәсіпорынның ірі қара малды бордақылау алаңының қуаттылығы 800 бас болса, бордақылаудағы мал саны – 400 бас. Ет өңдеу цехы тәулігіне 5 тонна шұжық өнімдерінің 60 түрін шығарады. Кәсіпорында жалпы 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңір басшысы кәсіпорын жұмысын оң бағалап, кәсіпкерлікті қолдауға баса назар аудару керек екенін айтты.

Қазығұрт ауданы – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аграрлы аймақ. Шөбі шүйгін, топырағы құнарлы. Шыбық шаншысаң, шынар өсіп шығады.

Баршамыздың алдымыздағы ендігі міндет – туризмді түлете түсу. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған біздің дәуіріміздің алып ескерткіші – Қазығұртты адамзат тіршілігі мен бірлігінің символы ретінде оның маңайын ұлттық табиғи, тарихи қорыққа айналдырып, шетел қонақтарына таныстыру арқылы рухани жәдігерімізді бүкіл әлемге әйгілі ету! Осы жолда жұмыла жұмыс істесек, туған жердің қадір-қасиеті арта түсетіні анық.

Саламат Айбар

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР