2026-05-25 12:46:25
20.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТЫҒЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы қоғам өмірінің барлық саласына оң әсерін тигізумен қатар, интернет кеңістігінде жасалатын құқықбұзушылықтардың, соның ішінде интернет алаяқтық қылмыстарының көбеюіне де себеп болуда. Әсіресе азаматтардың жеке деректерін заңсыз иемдену, жалған интернет-дүкендер арқылы алдау, банк карталарынан қаражат жымқыру, жалған қоңыраулар мен күмәнді сілтемелер арқылы ақпарат алу фактілері жиілеп отыр.

Осыған байланысты Отырар ауданының прокуратурасы тарапынан интернет алаяқтықтың алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Аудан прокуратурасы құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және алаяқтық фактілерінің жолын кесуге бағытталған нақты шараларды қолға алуда.

Аталған бағыттағы жұмыстар аясында 2026 жылғы 23 қаңтар күні Отырар ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен арнайы жұмыс кездесуі өткізілген болатын. Кездесуге аудан прокуратурасының аға прокуроры Мақсат Абдукаримов қатысып, интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мәселелері бойынша бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.

Жиын барысында интернет алаяқтық қылмыстарының қазіргі ахуалы сараланып, құқықбұзушылықтардың алдын алу жолдары кеңінен талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту, халықпен тікелей байланыс орнату, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық жұмыстарды жандандыру қажеттігі атап өтілді.

Кездесу барысында аға прокурор құқық қорғау органдары қызметкерлерінің профилактикалық жұмыстарға баса назар аударуы қажеттігін айтып өтті. Әсіресе интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілдері туралы тұрғындарды уақытылы хабардар ету, күмәнді әрекеттерге қатысты азаматтардың қырағылығын арттыру маңызды екені жеткізілді.

Қазіргі уақытта алаяқтар түрлі психологиялық тәсілдерді пайдалану арқылы азаматтарды алдап, олардың жеке мәліметтері мен банк деректерін қолға түсіруге әрекет жасауда. Көп жағдайда өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы өкілі немесе мемлекеттік мекеме маманы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған ақпарат береді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жалған сілтемелер жіберіп, жеке аккаунттарды бұзып кіру жағдайлары да жиі кездеседі.

Осыған орай кездесу қорытындысы бойынша прокуратура және полиция қызметкерлері бірлесіп аудан тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Тұрғындарға интернет алаяқтықтың негізгі түрлері, алаяқтардың жиі қолданатын әдіс-тәсілдері және одан сақтану жолдары кеңінен түсіндірілді.

Атап айтқанда, азаматтарға:

– күмәнді сілтемелерге өтпеу;
– бейтаныс тұлғаларға банк картасының нөмірін, SMS арқылы келетін кодтарды және жеке мәліметтерді бермеу;
– әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамалар мен жалған интернет-дүкендерге сақтықпен қарау;
– мобильді қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеу;
– белгісіз нөмірлерден келіп түскен қоңыраулар кезінде мұқият болу қажеттігі ескертілді.

Сонымен қатар интернет алаяқтық фактілеріне тап болған жағдайда азаматтарға уақыт оздырмай құқық қорғау органдарына хабарласу қажеттігі түсіндірілді. Себебі жедел әрекет ету арқылы қылмыстың ізін суытпай ашуға және келтірілген шығын көлемін азайтуға мүмкіндік бар.

Профилактикалық жұмыстар барысында тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылып, қоғамдық орындарда түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды. Бұдан бөлек әлеуметтік желілер арқылы да ақпараттық материалдар жарияланып, интернет қауіпсіздігіне қатысты кеңестер берілуде.

Айта кету қажет, интернет алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Сондықтан әрбір азамат ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтап, жеке деректердің қорғалуына жауапкершілікпен қарауы қажет.

Бүгінде мемлекет тарапынан киберқылмыстардың алдын алу және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Отырар ауданы прокуратурасы да құқықбұзушылықтардың, оның ішінде интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатындағы профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастыруда.

Алдағы уақытта да аудан аумағында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.

Аудан прокуратурасы тұрғындарды интернет желісіндегі күмәнді әрекеттерге бейжай қарамауға, сақтық шараларын қатаң сақтауға және алаяқтық фактілері анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.

#заңментәртіп

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР