Бүгін Ордабасы аудандық орталық кітапханасында облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасы және республикалық «Ақылдым» журналы бірлесе ұйымдастырған «Ақылды балаға – сыйлыққа Ақылдым» байқауы өтті. Балалардың шығармашылық қабілетін арттыру, қиял көкжиегінің кеңеюіне ертегілер арқылы ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған байқауды Ордабасы аудандық орталық кітапхана директоры Феруза Неболсынқызы ашып беріп, қатысушы оқырмандарға сәттілік тіледі.
Байқауға 9 оқырман қатысып, үш кезең бойынша бақ сынасты. Додаға түскен қатысушыларға Республикалық «Ақылдым» журналының редакторы, «Қызмет» газеті жауапкершілігі серіктестігінің директоры, «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры Бейсенкүл Нарымбетова, Түркістан облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасының бөлім меңгерушісі Айнұр Сұлтанбекова, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Зәуреш Әбіш әділ қазылық етті.
Алғашқы кезеңде балалар «Ақылдым» журналымен қалай танысқаны жөнінде бейнеролик дайындап, журналға ерекше идеяларын ұсынды. Келесі «Ертегі айтып беремін» айдарында қатысушылар өз қиялымен ертегі құрастырса, 3-кезеңде жетекші кітапхана қызметкерлерінің көмегімен дайындалған «Қабырға газеті» көпшілікке таныстырылды. Нәтижесінде Шұбарсу ауылының тұрақты оқырманы Інжу Ұланқызы бас жүлде иегері атанып, облыстық байқауға жолдама ұтып алды. Сондай-ақ, байқауда белсенділік танытқан барлық қатысушыға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі