2024-07-27 12:59:00
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Облыстық балалар кітапханасында жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Облыстық балалар кітапханасында жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Республикалық «Зиялы қазақ» шығармашылық бірлестігі мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарыққа шыққан балалар әдебиетіне арналған «Шамшырақ» жыр жинағының тұсаукесер салтанаты өтті.

Салтанатты шараға ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Дәркен Танабаев, Халықаралық «Көк бөрі» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі, ақын, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбетов, Түркі әлемі Жазушылар одағының жетекшісі Баян Тіленшина, ақын Болатбек Құтпанов, Қазақстан сазгерлер қауымдастығының мүшесі, сазгер Айзада Бекенқызы, ақын, жазушы, бірнеше кітап авторы, ұстаз Марғуба Мұхтарқызы, ақын Эльмира Сәрсенбайқызы және Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры қатысты. Тұсаукесер рәсімін Аманжол Мақажанов жүргізді.

Келелі жиын бірлестіктің әнұранына айналған «Зиялы қазақ» әнімен ашылып, алғашқы сөз кезегі бірлестік жетекшілері Серік Жүнісбаев мен Айгүл Пірімжановаға беріліп, бұл жыр жинағы «Зиялы қазақ» шығармашылық бірлестігінен шығарылып отырған екінші кітап  екенін, алдағы уақытта бұл үрдіс жалғаса беретінін жеткізді.

Жас жеткіншектерді Отан сүйгіштікке, имандылыққа, ізгілікке, жасампаздыққа қарай жетелейтін ел аумағындағы ақындардың мектеп жасындағы бүлдіршіндерге арналған түрлі тақырыптағы өлеңдері мен бала санасына өнеге мен тағылым ұялатар мысал өлеңдері енген «Шамшырақ» кітабының тұсауын ақын Бөрібай Оразымбетов шешіп, осындай маңызды шараның өткізілуімен шын жүректен құттықтап, жас ұрпақ үшін осындай игі істерді атқарып жүрген Серік Сүйлейменұлы мен Айгүл Қалтайқызына өзінің жүрекжарды лебізін, алғысын білдірді. Кітаптың мазмұны мен көркемдік деңгейінің жоғары екеніне баға бере отырып, кітапхана қорына және көпшілік қауымға сыйға кітап тарту етті.

Кітапхана директоры, Қазақстанның педагогикалық академиясының профессоры Ақмарал Құдайбергенова кітапхана қоры «Шамшырақ» жыр жинағымен толыққанына және тұсаукесер рәсімі балалар кітапханасында өткеніне ерекше ықыласын білдірді. Кешке арнайы келген қонақтар өздерінің жылы тілегін айтып, бірлестік жұмысына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі.

Кеш қонақтары үшін Қазақстан сазгерлер қауымдастығының мүшесі, сазгер Айзада Бекенқызының шәкірттері Айгүл Қалтайқызы, Балзия Меңдіқұлова, Жандарбек Құралов, Эльмира Сәрсенбайқызы, Ғазиза Ахылбекова, Худайбергенова Нургүл, Мұхит Шопанқұлұлы, Дәркен Танабаевтың сөздеріне жазылған әндерін орындады. Салтанатты жиын соңы естелікке суретке түсумен түйінделді.

Түркістан облысы мәдениет және туризм
басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР