2024-06-22 01:01:07
24.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Мемлекеттік тіл — Қазақстан халқын біріктіретін тіл

Мемлекеттік тіл - Қазақстан халқын біріктіретін тіл

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Татулық пен тұрақтылықты, ынтымақ пен бірлікті ту еткен жүзден аса ұлттар мен ұлыстар мекен еткен егемен еліміз үшін маңызды мереке. Осыған дейін 22 қыркүйекте атап өтілген мерекенің 5 қыркүйекке ауысқандығы тарихи маңызға ие. Өйткені, атаулы күн қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, қазақ халқының тағдыры мен тілінің болашағы үшін күрескен, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспас-тұс келуде.

Тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру мақсатында  Жетісай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен  орталық «Жеңіс» алаңында «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» тақырыбында мерекелік іс-шара болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлын Сейдалиев, «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ директоры Құрманбек Рысмаханов пен Түркістан облыстық «Парвиз» тәжік этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Юлдаш Сұлтанов, тіл жанашырлары мен аудан тұрғындары қатысты.

«Дана халқымыз «Көп көтерсе жүк жеңіл» демекші ынтымақты еңбек арқылы табыстың тайқазанын тасытып мемлекеттік тіл туралы бағдарламаны заман талаптарына сай орындау – біздің ортақ мүддеміз. Осы ортақ істі бірлесе атқару жолында аянбай еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғысымыз ерекше. Ауданымызда тұратын ұлттар мен ұлыстардың, түрлі этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағына дәнекер болып жүрген ақсақалдарымызға да өз ризашылығымды білдіремін. «Тілге құрмет – елге құрмет». Баршаңызды мемлекеттік тілді құрметтей отырып оны жетік үйренуге шақырамын» деді Марат Фаритұлы.

Құттықтау сөз соңында бір топ тіл жанашырларына аудан әкімінің алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерекелік жиын барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында  патриоттық әндер шырқалып, мың бұралған бишілер түрлі этнос өкілдерінің биін билеп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Бір топ мектеп оқушылары мен студенттер Алаш арыстарының ана тілі туралы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жұршылықты рухани байытса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері «Мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктіретін тіл» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР