2024-04-29 00:41:51
10.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Мақпалкөл деген тамаша мекен бар…

Мақпалкөл деген тамаша мекен бар...

Мақпалкөл Түркістан облысының Қазығұрт ауданында, Өгем таудың биігінде орналасқан. Талай кісі барғысы келеді. Жолың түссе айтарсың деп жүргендері қаншама.  Сондай кісілерді тағы бір елеңдетіп қоялық.

«Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің бір туристік бағыты осы Мақпалкөлге арналған. Ол Өгемнің Мақпалсай шатқалының ішінде, биік қырқадан мөлдіреп көздің қарашығындай жалтырап көрінеді. Орналасқан орны теңіз деңгейінен 2290 метр биікте, ауданы 2 мың шаршы метрдей, тереңдігі 15 метр шамасында. Бір қызығы, көл суы биік таулы аймақтардағы көлдердей тастай суық емес, шомылуға болатындай температурада. Мүмкін, тұйық көл болғасын шығар.

Мақпалкөл туристік соқпағы Өгем ауылынан бастап барып-келуімен қоса 45 км. Бағыты: Өгем тексеру-бақылау бекеті – Өгем өзені – Диірменбастау шатқалы – Сырымбет (Папутный) асуы (2790) – Мақпалкөл. Соқпақ толықтай биік таулы аймақта, аршалы орман мен альпілік шалғын басқан алқапты бойлай жүреді. Егер, күн шықпай жолға ертерек шығатын болса, тұзжалаққа түсетін жерінде тауешкілерді көру мүмкіндігі бар. Жол бойында басқа да флора-фауна әлемінің түр-түрімен таныса жүресіз. Туристік соқпақ аттылар үшін 2 күн, жаяулар үшін 3 күндік жол.

Енді, Мақпалкөлге баруды мақсат еткендерге кеңес болсын. Таудағы саяхат – ең қиын саяхаттардың бірі. Әлбетте, тау соқпағында жүру бейінің болса, тіпті керемет. Азық-түліктерден бастап, киім-кешек, аяқ киімнің ыңғайлысын, тайғақтық қасиетіне дейін мән берген жөн. Ең бастысы, ауа райын мұқият қарап алған жөн. Тіпті, Мақпалсай шатқалының аяқасты өзгере кететін, шөкімдей бұлт жиыла қалса, жаңбыр бір басқа, бұршақ пен қар ұшқыны борай кететін ерекшелігі барын да ұмытпаған жөн. Сол үшін, қазақтың «жаз жамылғыңды тастама, қыста өзің білерсің» дейтін мәтелін бір ескеріп қойған артықтық етпейді.

Міне, қазақы санауда жылдың ең ыстық мерзімі (15-маусымнан бастап) биылғы жаздың шілдесі де басталып кетті. Демек, Мақпалкөлге баратын маусым ашық деген сөз. Жақында Мақпалкөл бағытына тағы соғамыз. Ол туралы алда тағы хабарлама беретін боламыз, өкініп қалмаңыз. Осы күннен дайындықты бастап, күніне 10 шақырым жол жүруге даярлана беріңіздер.

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР