Биыл Түркістан облысының құрылғанына – 5 жыл. Осы жылдар ішінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып , спорты мен мәдениеті, әдебиеті мен рухани өмірі өркендеп келеді. Осы ретте, Түркістан облыстық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, маусым айында өтетін кезекті сессиясында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Қанат Жолдықараевтың есебі тыңдалады.
Халық қалаулыларының алдында тыңдалатын есепке байланысты, арнайы депутаттардан құралған уақытша депутаттық комиссия құрамына әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелері бекітілді. Халық қалаулыларынан құралған комиссия Қазығұрт ауданындағы спорт нысандары мен стадиондарын аралап көрді.
Мақсат – аталмыш басқармаға бағынышты спорт мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысу. Қазығұрт ауданында орналасқан облыстық №2 олимпиада резервінің мамандандырылған спорт мектебінде болып, аталмыш мекеменің жұмысымен жан-жақты танысып, оң бағасын берді. Жергілікті жұртшылықты бұқаралық спортқа тарту, спорттық инфрақұрылымдарды жақсарту мақсатында игілікті істер атқарылуда.