2024-07-27 11:28:57
34.3 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Азия жүлдегері елге оралды

Азия жүлдегері елге оралды

Түркістан әуе жайынан каратэден Азия ойындарының қола жүлдегері, талантты спортшы Әсел Қанайды  жерлестеріміз зор қошеметтеп қарсы алды.  Ел намысын қорғап туған елге олжалы оралған  түркістандық спортшы қызды көпшілік зор қошеметпен күтіп алды.

Сары құрлық елдерінің кіл мықты саңлақтары бас қосқан Қытайдың Ханчжоу қаласында аяқталған жазғы Азия ойындары спорты қарыштап дамыған  мемлекеттердің бәсекелестіктерін тағы да бір дәлелдеп берді. Қуатты елдің спортшылары да жүлде үшін алдарына жан салмады. Жаңа таланттар танылды.  Сонымен, каратэден Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының өкілі Әсел Қанай туған елге жүлдемен оралды. Бұл айтулы додаға шәкіртінің ұзақ әрі жоғары деңгейде дайындалғанын оның жеке бапкері Данияр Исабаев айта кетті.

Париж олимпиадасы қарсаңында  өңірімізде олимпиадалық бағыттағы барлық спорт түрлерін дамытуда жаңаша бағыттағы жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Айдос Қалтаев жиын барысында жеткізді. Ал, елдің үмітін ақтаған жерлесіміздің әжесі Фатила немересінің спорт жолындағы табысына ерен еңбек жетелегеніне тоқталды.

Азия ойындарында Әсел Қанай 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Қола жүлде үшін өткен таласта Әсел Иран спортшысы Атуша Голшаднежадты 1:0 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды.

Салтанатты шараға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасы барлық спорт мекемелері мен спорт саласының қызметкерлері, спортшы қыздың  туған-туысқандары мен достары келді. Ендігі мақсат- әлем чемпионатына тынғылықты дайындалу.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР