Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай, Түркістан қаласында 16-18 маусым күндері «Алтын Сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «САҚ» киностудиясының директоры Нуриддин Паттеев айтты.
Спикердің мәлімдеуінше, фестивальге отандық және шетелден 30 анимациялық фильм қатысады. Олардың ішінде Қазақстанмен қатар, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар.
«Фестиваль мақсаты — қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, анимациялық фильмдер арқылы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сонымен қатар, жас көрерменді отансүйгіштікке тәрбиелеп, қазақ фольклорының кейіпкерлерін насихаттауды мақсат тұттық. Бұл ретте, қазақ аниматорлары шетелдік мамандармен тәжірибе алмасады әрі шеберлігін шыңдауға үлкен мүмкіндік. Фестиваль барысында халықаралық дәрежедегі қазылар алқасы жолдама алған 30 анимациялық фильм ішінен үздіктерді анықтайды», — деді Нуриддин Исаұлы.
Сондай-ақ фестиваль шеңберінде «Гран-при», «Үздік режиссура», «Үздік кейіпкер», «Үздік сценарий», «Үздік композитор», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» сынды арнайы жүлделер тағайындалған.
«Алтын Сақа» фестивалінің ашылу салтанаты 16 маусым күні сағат 17:00-де Түркістан қаласындағы «Farab» ғылыми-әмбебап кітапханасында өтеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі