2026-06-15 19:47:44
23.9 C
Шымкент

Көп қаралғандар

ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА «TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ТУРНИРІ ӨТТІ

Возможно, это изображение текст

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Түркістан облысында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар жобасы.

Аталған жоба аясындағы кезекті іс-шара Қазығұрт ауданында өткізіліп, жастар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Жобаның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру, азаматтық жауапкершілікті нығайту, қоғамда заңға құрмет қағидаттарын дәріптеу және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Қазіргі уақытта жастар тәрбиесі мен олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Жас буынның бойында заңға құрмет, жауапкершілік, тәртіп және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру тұрақты әрі жүйелі жұмыстарды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда спорттық және ағартушылық бағыттарды біріктірген «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жобасы ерекше маңызға ие.

Іс-шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Бауыржанұлы Қадыров, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Нұрғалиқызы Қарсыбай және Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Маратұлы Беркінбай қатысып, жастарға сәттілік тіледі.

Кездесу барысында қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру және қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар жастарға қазіргі қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен қаржылық қылмыстардың түрлері туралы ақпарат беріп, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді.

Атап айтқанда, соңғы жылдары кең таралған дропперлік мәселесіне ерекше назар аударылды. Мамандар жастарға өздерінің банк карталарын, банктік шоттарын немесе жеке деректерін үшінші тұлғаларға пайдалануға берудің ауыр құқықтық салдары бар екенін түсіндірді. Көп жағдайда азаматтар өздерінің әрекеттерінің заң алдындағы жауапкершілікке алып келетінін толық түсіне бермейді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.

Сонымен қатар қатысушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері жөнінде ақпарат берілді. Қазіргі таңда алаяқтар әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет платформалар арқылы азаматтардың жеке деректерін иемденіп, қаржылық шығынға ұшырататын жағдайлар жиі кездеседі. Осыған байланысты жастарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз тұлғаларға жеке ақпарат бермеу және қаржылық операцияларды жүзеге асыру кезінде сақ болу қажеттігі түсіндірілді.

Кездесу барысында жалған ақпарат пен бұқаралық сананы манипуляциялауға қарсы іс-қимыл мәселелері де талқыланды. Қатысушыларға ақпараттық кеңістікте таралатын мәліметтердің шынайылығын тексерудің маңыздылығы түсіндіріліп, медиасауаттылық деңгейін арттыру жөнінде кеңестер берілді. Әсіресе жастардың әлеуметтік желілерде таралатын ақпараттарға сыни көзқараспен қарап, тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне сүйенуі қажеттігі атап өтілді.

Іс-шара аясында қаржылық пирамидалардың белгілері мен олардың қоғамға тигізетін зияны жөнінде де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар азаматтарды жоғары табысқа қызықтыратын күмәнді қаржылық ұсыныстардан сақ болуға шақырып, қаржылық сауаттылықты арттырудың маңыздылығына тоқталды. Қаржылық пирамидалар көптеген азаматтардың материалдық шығынға ұшырауына себеп болып отырғандықтан, жастардың мұндай қауіптер туралы ақпараттандырылуы маңызды міндеттердің бірі болып саналады.

Жастар арасында кеңінен талқыланған мәселелердің бірі – лудоманияның алдын алу болды. Құмар ойындарға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына ғана емес, оның психологиялық және әлеуметтік ахуалына да теріс әсер ететіні айтылды. Осыған байланысты жастарға бос уақытты тиімді ұйымдастырудың, спортпен шұғылданудың және пайдалы дағдыларды қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.

Сонымен қатар қоғамдағы суицидтік тәуекелдердің алдын алу және жастардың психологиялық саулығын нығайту мәселелеріне де назар аударылды. Мамандар жастарға өмірлік қиындықтар туындаған жағдайда кәсіби көмекке жүгінудің, жақындарымен ашық қарым-қатынас орнатудың және психологиялық қолдау тетіктерін пайдаланудың маңыздылығы жөнінде ақпарат берді.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін жастар арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Турнир барысында қатысушылар турник, брусья және күштік жаттығулар бойынша бақ сынап, өздерінің физикалық дайындықтары мен спорттық шеберліктерін көрсетті. Жарысқа қатысушылар жоғары белсенділік танытып, өзара тәжірибе алмасты.

Воркаут спорты жастар арасында кең таралып келе жатқан бұқаралық спорт түрлерінің бірі болып табылады. Бұл спорт түрі арнайы қымбат құралдарды қажет етпейді және жастардың дене дайындығын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар воркаут адам бойындағы тәртіп, төзімділік, табандылық және мақсатқа ұмтылу қасиеттерін қалыптастырады.

Спорттық сайыс барысында қатысушылардың дайындық деңгейі мен жаттығуларды орындау сапасы бағаланды. Үздік нәтиже көрсеткен жастар марапатталып, облыстық жобаның финалдық кезеңіне жолдама алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, облыстық жоба бекітілген кестеге сәйкес Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында өткізілуде. Әр өңірден іріктелген үздік қатысушылар маусым айында өтетін облыстық финалда өзара бақ сынайды. Финал қорытындысы бойынша жеңімпаздар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

«TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» жобасы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, құқық бұзушылықтың алдын алуға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен дәріптеуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама ретінде өз жалғасын табуда.

Сонымен қатар жоба халық арасында жалған ақпаратқа және бұқаралық сананы манипуляциялауға қарсы іс-қимыл, қаржылық пирамидалармен күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу, лудоманияның профилактикасы және жастардың психологиялық саулығын нығайту бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға да өз үлесін қосып келеді.

Осындай кешенді іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, қаржылық қауіпсіздік деңгейін көтеруге, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта да жоба аясындағы жұмыстар өңір жастарын қамтып, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытында жалғасын табатын болады.

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР