
Түркістан облысында жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік деңгейін арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы ретте Шардара қаласында өткен «AL-FARABI» республикалық интеллектуалдық ойыны жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың құқықтық сауаттылығын көтеруге, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұру дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Аталған іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Шардара ауданы әкімдігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған интеллектуалдық сайысқа еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық команда қатысып, жалпы қамту саны 1000-нан астам адамды құрады. Қатысушылар қатарында жастар, студенттер, оқытушылар, мемлекеттік қызметшілер, қоғам белсенділері және жергілікті тұрғындар болды. Бұл көрсеткіш аталған жобаның қоғам тарапынан жоғары қызығушылыққа ие екенін және жастар арасында интеллектуалдық қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Интеллектуалдық ойынның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің генерал-майоры Ерболат Балғабаев, Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев және Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, жастарға ізгі тілектерін білдірді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген спикерлер жастардың құқықтық сауаттылығы мен қаржылық мәдениетін арттыру – қазіргі қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар жастардың білімді, жауапты және белсенді азамат болып қалыптасуы үшін интеллектуалдық жобалардың маңызы ерекше екендігіне тоқталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, сыни ойлау қабілетін дамыту, интеллектуалдық әлеуетін шыңдау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын кеңінен насихаттау болып табылады.
Бүгінде қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы адамдардың өмірін жеңілдеткенімен, жаңа қауіп-қатерлердің де пайда болуына ықпал етуде. Әсіресе интернет кеңістігінде жалған ақпараттардың таралуы, алаяқтық схемалардың көбеюі, қаржылық пирамидалардың қызметі, құмар ойындарға тәуелділік және жастар арасында психологиялық қауіптердің артуы қоғам тарапынан ерекше назар аударуды қажет етеді.
Осыған байланысты интеллектуалдық ойын аясында жастар арасында жалған ақпаратқа және бұқаралық сананы манипуляциялауға қарсы іс-қимыл, қаржылық пирамидалармен күрес, интернет-алаяқтықтың алдын алу, лудоманияның алдын алу, қоғамдағы суицидтік ниеттердің профилактикасы бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы кеңінен насихатталды.
Соңғы жылдары қаржылық пирамидалардан зардап шеккен азаматтардың саны артып келе жатқаны белгілі. Алаяқтар азаматтардың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, жоғары табысқа уәде беру арқылы заңсыз схемаларға тартуда. Мұндай жағдайда жастардың қаржылық білім деңгейін арттыру, инвестициялық мәдениетті қалыптастыру және күмәнді ұсыныстарды ажырата білу қабілетін дамыту аса маңызды.
Сондай-ақ интернет-алаяқтық фактілері де көбейіп келеді. Әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлер арқылы жеке деректерді иемдену, жалған жарнамалар тарату, фишингтік сілтемелер жіберу сияқты заңсыз әрекеттер азаматтардың қаржылық шығынға ұшырауына себеп болуда. Осыған байланысты жастардың цифрлық қауіпсіздік бойынша білімін арттыру және интернет кеңістігінде қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыру – уақыт талабы.
Жастар арасында кеңінен талқыланатын мәселелердің бірі – жалған ақпарат пен ақпараттық манипуляцияларға қарсы иммунитет қалыптастыру. Қазіргі ақпараттық қоғамда азаматтардың медиасауаттылық деңгейі маңызды көрсеткіштердің біріне айналды. Ақпараттың шынайылығын тексеру, сенімді дереккөздерді пайдалану және сыни тұрғыдан ойлау қабілеті әрбір азамат үшін қажетті дағды болып саналады.
Бұдан бөлек, қоғамда өзекті мәселеге айналған лудоманияның алдын алу жұмыстары да ерекше назарда болды. Құмар ойындарға тәуелділік адамның қаржылық жағдайына ғана емес, оның әлеуметтік ортасына, психологиялық ахуалына және отбасылық қатынастарына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және тәуелділіктің алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды.
Қоғамдағы психологиялық қауіптердің алдын алу, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы да мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Жастардың психологиялық тұрақтылығын нығайту, өмірлік қиын жағдайларда көмек сұрау мәдениетін қалыптастыру және қолдау тетіктері туралы ақпараттандыру жұмыстары қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Интеллектуалдық дода барысында қатысушылар тарих, құқық, экономика, қаржылық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару, ұлттық құндылықтар және жалпы танымдық бағыттар бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беріп, өз білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін сынға салды. Қатысушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, түрлі саладағы білімдерін ортаға салды.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кезеңде командаларға күрделілігі әртүрлі сұрақтар қойылып, олардың білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті және жылдам шешім қабылдау дағдылары бағаланды. Мұндай формат жастардың тек білімін тексеріп қана қоймай, командалық жұмыс мәдениетін қалыптастыруға және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға мүмкіндік береді.
Білім сайысының қорытындысы бойынша І орынды Шардара ауданынан қатысқан «Нейрон» командасы иеленді. Екінші орын Сарыағаш ауданынан келген «Konina Power» командасына бұйырса, үшінші орынды Шардара ауданынан қатысқан «Қаржы» командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға алғыс білдіріліп, олардың білім мен ғылымға деген ұмтылысы жоғары бағаланды.
«AL-FARABI» республикалық интеллектуалдық ойыны жастардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қаржылық қауіпсіздік деңгейін көтеруге және сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған маңызды қоғамдық жоба ретінде өз мәресіне жетті.
Мұндай іс-шаралар Мемлекет басшысы айқындаған әділетті қоғам құру қағидаттарын жүзеге асыруға, заң үстемдігін нығайтуға және жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жалған ақпарат, интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, лудомания және суицидтік тәуекелдер сияқты заманауи сын-қатерлердің алдын алуда жастардың белсенді ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта да осындай ауқымды жобалар жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға, құқықтық және қаржылық сауаттылық деңгейін көтеруге, қоғамдағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға және саналы ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қоса бермек.
