Түркістан қаласында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, Түркістан облысының прокуратурасы, облыс әкімдігі және полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбында өңіраралық форум өткізілген болатын.
Аталған іс-шара қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі – цифрлық кеңістіктегі қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, интернет-алаяқтықтың алдын алу, көлеңкелі экономиканы азайту және жаңа технологиялар дәуірінде туындайтын қаржылық тәуекелдерді ерте анықтау мәселелерін талқылауға бағытталды. Форум аясында салааралық өзара іс-қимылды күшейту, мемлекеттік органдар мен сарапшылар арасындағы әріптестікті арттыру және қаржылық қауіпсіздік саласында тиімді шешімдер әзірлеу мәселелері қарастырылған болатын.
Форумға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, облыстық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, сарапшылар және жастар қауымы қатысқан еді.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысының цифрлық трансформацияға қатысты стратегиялық бағыты, сондай-ақ еліміздің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жаңа технологиялардың рөлі кеңінен талқыланды. Спикерлер қазіргі цифрландыру процесі бір жағынан экономиканың дамуына серпін берсе, екінші жағынан жаңа қауіп-қатерлер мен киберқылмыс түрлерінің пайда болуына әсер етіп отырғанын атап өткен болатын.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде цифрлық трансформацияның еліміздің дамуындағы маңызды бағыт екенін, алайда бұл үдеріс жаңа талаптар мен жауапкершілікті де күшейтетінін атап өткен еді. Оның айтуынша, қазіргі таңда қаржылық қылмыстардың алдын алу тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың ортақ міндетіне айналған.
Форумға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 114 команда және 400-ге жуық жас маман мен сарапшы қатысқан болатын. Олардың қатарында IT мамандары, қаржы саласының сарапшылары, студенттер мен зерттеушілер болды. Қатысушылар екі кезеңнен тұратын AI-Хакатон аясында нақты мемлекеттік кейстер негізінде өз жобаларын әзірледі.
AI-Хакатон барысында ұсынылған жобалар қылмыстың алдын алу, көлеңкелі экономиканы азайту, қаржылық тәуекелдерді ерте анықтау және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған шешімдерді қамтыған еді. Жас мамандар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қаржылық қауіпсіздікті арттыруға арналған инновациялық тәсілдер ұсынды.
Форум аясында салааралық ынтымақтастықты дамыту, мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру және цифрлық шешімдерді енгізу арқылы қаржылық қауіпсіздік деңгейін жаңа сапалы кезеңге көтеру мәселелері кеңінен талқыланған болатын. Сонымен қатар, қатысушылар арасында тәжірибе алмасу, жаңа идеяларды ортаға салу және оларды тәжірибеде қолдану жолдары қарастырылды.
Іс-шара барысында қылмыстың алдын алу, интернет-алаяқтықпен күрес және қаржылық пирамидалардың қызметін анықтау бағытында цифрлық құралдарды қолданудың тиімділігі ерекше аталып өтті. Мамандардың пікірінше, қазіргі уақытта алаяқтық әрекеттердің күрделенуі оларды анықтауда заманауи технологияларды қолдануды талап етеді.
Форумда қозғалған негізгі мәселелердің бірі – интернет-алаяқтықтың алдын алу болды. Қатысушылар цифрлық кеңістікте жиі кездесетін қауіптер, жалған платформалар, әлеуметтік инженерия әдістері арқылы жасалатын алаяқтық түрлері және олардан қорғану жолдары туралы пікір алмасты.
Сонымен қатар қаржылық пирамидалардың алдын алу мәселесі де талқыланған болатын. Мамандар мұндай ұйымдардың белгілерін ерте анықтау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігін атап өтті.
Жалған ақпараттың қаржылық шешімдерге әсері де форумда көтерілген өзекті тақырыптардың бірі болды. Қатысушылар ақпараттық қауіпсіздік пен медиасауаттылық деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамда жалған ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру қажеттігін айтты.
Форум қорытындысында AI-Хакатон жеңімпаздары марапатталып, үздік жобалар жоғары бағаланды. Қатысушылардың ұсыныстары алдағы уақытта мемлекеттік органдардың жұмысында қолданылуы мүмкін екені айтылды.
Жалпы алғанда, форум барысында ұсынылған бастамалар мен жобалар еліміздің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, цифрлық тәуекелдерді азайтуға және құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.
Аталған іс-шара барысында алынған тәжірибе мен ұсыныстар алдағы уақытта өңірлерде цифрлық қауіпсіздік бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге негіз болатыны атап өтілген болатын.
Түркістан облысының прокуратурасы мен өзге де жауапты мемлекеттік органдар алдағы уақытта да қаржылық қылмыстардың, интернет-алаяқтықтың және цифрлық тәуекелдердің алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстарды жалғастыра беретін болады.
#заңментәртіп
