
ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де аға оқытушы, педагогика және психология кафедрасының доктарант, кәсіпкер Айтжанов Мақсат Айтжанұлымен сұхбат
– Мақсат Айтжанұлы, өнер, кәсіпкерлік жолыңызды қысқаша таныстырып өтсеңіз.
– Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-де Эстрадалық ән орындаушы драма актеры мамандығын, кейіннен РФ Санкт-Петербург қаласында театр режиссері мамандығын меңгеріп, ширек ғасырдан аса кәсіби шығармашылықпен шұғылданып, бүгінде ұстаздық пен ғылым жолындамын.
Ал кәсіпкерлікке келетін болсақ, қолымнан келетін шаруаны кәсіпке айналдырып, оң нәтижесін көріп отырмын.
– Құпия болмаса, кәсібіңіз туралы тарқатып айтсаңыз…
– Құпия ештеңесі жоқ. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын жеткіншектерді қосымша дамытатын түрлі орталықтарда жұмыс жасап жүргенімде айтулы ұстаз, белгілі ғалым Нәсіпхан Камалқызы сен өз мектебіңді ашсаң елге де, тілге де, өнерге де көбірек пайдалы болар едің дегені күн өткен сайын санамда жаңғыра берді. Бүгінде мемлекеттік тапсырысты орындайтын жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, «Алақай» өнер мектебін ашып, сол жерде шешендік өнер және көркемсөз оқу пәнінен дәріс беремін.
– Кәсібіңіздің табысы туралы емес, еңбегіңіздің нәтижесі туралы не айтар едіңіз?
– Кәсіби актерлік өнерге түсу үшін шығармашылық емтиханға дайындалғысы келетін жастардан «бағыт-бағдар беріңізші» деген өтініштер жиі түсе бастады. Осылайша, шәкірттер дайындап, олардың біразы білім грантын жеңіп алып, өз армандарына бір табан жақындады. Бұл мен үшін үлкен қуаныш әрі жауапкершілік болды.
Осы тәжірибенің негізінде сахна тілі бойынша түрлі жастағы оқушыларға, болашақ жүргізушілер мен өнерге қызығушылығы бар жастарға дәріс беруді бастадым. Олардың арасында көпшілік алдында ойын қысылмай жеткізгісі келетін ересектер де бар. Уақыт өте келе бұл іс жүйелі бағытқа айналып, өз бойымдағы өнер мен тәжірибені кәсіпкерлікпен ұштастыруға деген ой келді.
Бүгінде бұл бастама өз жемісін беріп отыр. Шәкірттеріміз түрлі байқауларда топ жарып, мектепішілік және қоғамдық іс-шараларда конферанс-конферансия ретінде танылып келеді.
Ең бастысы – ата-аналардың оң пікірі мен алғысы. «Балам бұрын өз ойын жеткізе алмайтын еді, қазір кез келген ортада еркін сөйлеп, өзін сенімді ұстайтын болды» деген жылы сөздер бізге үлкен мотивация береді. Бұл – біздің еңбегіміздің нақты нәтижесі әрі дұрыс бағытта келе жатқанымыздың жарқын көрінісі болар.
Алдағы мақсатымыз – өнер арқылы жас ұрпақтың бойына сенімділік, шешендік және рухани байлық қалыптастырып, олардың өмірде өз орнын табуына ықпал ету.
– Қазақ тілді аудиториямен жұмыс істеудің ерекшеліктері қандай? Мемлекеттік тілдің дамуына қосып жүрген үлесіңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Қазақ тілді аудиториямен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік пен ерекше сезімталдықты талап ететін бағыт. Себебі тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – адамның болмысы, дүниетанымы мен рухани негізінің айнасы. Сондықтан әрбір сөздің мәніне терең үңіліп, тыңдаушының жүрегіне жол таба білу – басты міндеттердің бірі.
Менің басты ұстанымым – әр баланың алғашқы сөзі ана тілінде шығуы керек. Ана тілінде сөйлеп өскен бала ұлттық құндылықтарды бойына табиғи түрде сіңіреді, өз тамырынан ажырамайды. Қазақ тілі – өте бай, көркем әрі бейнелі тіл. Оның әрбір сөзі терең мағынаға ие, әрбір тіркесі тұнып тұрған тағылым. Осындай асыл мұраны жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің парызымыз.
Студент кезімде Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауында облыстық бас жүлдені иеленіп, республикалық деңгейде де лауреат атандым. Бұл жетістік менің осы бағыттағы ізденісіме серпін беріп, көркем сөз өнеріне деген қызығушылығымды одан әрі арттырды.
Сонымен қатар, өңірлік тілдерді дамыту басқармасының шақыртуымен мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларда режиссер ретінде қызмет атқарып, тілдің мәртебесін көтеруге өз үлесімді қосып келемін. Мұндай жобалар арқылы тілдің тек қатынас құралы емес, ұлттық құндылық екенін кеңінен насихаттауға мүмкіндік туады.
Қазіргі таңда университет студенттері мен мектебіміздің шәкірттерін облыстық және республикалық олимпиадалар мен көркемсөз байқауларына дайындап, олардың жүлделі орындарға ие болуына ықпал етіп келеміз. Бұл – шәкірттердің ғана емес, ұстаз еңбегінің де нәтижесі деп есептеймін.
Айта кетерлігі, мектебімізде қызмет ететін би пәнінің мұғалімі Константин Николаевич Шишкалов– орыс ұлтының өкілі. Алғашында қазақ тілінде сөйлеу оған оңай болмағанымен, бүгінде ол қазақ аудиториясына толық бейімделіп, таза әрі анық қазақ тілінде еркін сөйлейтін деңгейге жетті. Бұл – тілге деген құрмет пен шынайы ынтаның, үздіксіз еңбектің жарқын көрінісі деп білемін.
Жалпы, біздің мақсатымыз – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп қана қоймай, оның қадір-қасиетін жас ұрпақтың санасына терең сіңіру. Себебі тілдің болашағы – оны құрметтеп, еркін меңгерген ұрпақтың қолында.
– Кәсіпкерлерге қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Қазіргі таңда кәсіпкерлік – тек табыс көзі ғана емес, ұлтқа қызмет етудің маңызды бір жолы деп есептеймін. Осы тұрғыда кәсіпкерлерге айтар негізгі ұсынысым – бизнеске ұлттық мазмұн мен рух беру, соның ішінде атауларды қазақы нақышта қоюға ерекше мән беру.
Қазақша атау – жай ғана сөз емес, ол – ұлттық болмыс пен рухтың көрінісі. Қарапайым, мағыналы, құлаққа жағымды қазақша атауларды үлкен брендке айналдыруға толық мүмкіндік бар. Бұл – бір жағынан тілге деген құрмет болса, екінші жағынан болашақ ұрпаққа қалдырылатын өнеге.
Сонымен қатар, тек атаумен шектеліп қалмай, қызмет көрсету саласында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту маңызды деп ойлаймын. Мысалы, жарнамалар, маңдайшалар, мәзірлер, ресми құжаттар мен тұтынушымен қарым-қатынас барысында қазақ тілінің сапалы әрі сауатты қолданылуына мән беру қажет. Бұл – клиентке деген құрметтің де белгісі.
Кәсіпкер – қоғамға ықпал ететін тұлға. Сондықтан әрбір кәсіп иесі өз ісі арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттап, тілдің дамуына үлес қоса алады. Қазіргі тұтынушы да ұлттық сипаттағы, өзіндік ерекшелігі бар брендтерге көбірек көңіл бөледі. Бұл – нарық тұрғысынан да тиімді бағыт.
Менің ойымша, тіл мен бизнесті ұштастыра білген кәсіпкер – тек табысты ғана емес, елге жанашыр азамат ретінде де танылады.
– Жастардың қазақ тілінде көркем әрі сауатты сөйлеу дағдыларын қалыптастыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Сахна тілі деген пән – тек өнер саласының құралы емес, ол – тұлға қалыптастыратын маңызды фактор. Дұрыс, анық, көркем сөйлей білетін адам кез келген ортада өзін еркін ұстайды, ойын жүйелі жеткізе алады. Сондықтан сахна тілін меңгеру – қазіргідей цифрландыру дәуірінде жастар үшін аса қажет дағды. Бұл – тек кәсіби емес, өмірлік қажеттілік. Сөз құдіретін терең түсініп, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру – үлкен миссия.
Ана тілін ардақтап, сөз өнерін дәріптеген ұрпақ – елдің еңсесін биіктетері сөзсіз.
