Татарстан Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация ондағы өндіріс орындарын аралап, бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысты. Сапардың негізгі мақсаты – екі жақты байланыстарды нығайту, серіктестік қатынастарды кеңейту, ынтымақтастықты дамыту. Инвестиция тарту, өндіріс, ауыл шаруашылығы мен ІТ саласында тәжірибе алмасу.
Осы мақсатта облыс делегациясы «Химград» технополисі-заманауи индустриалды химиялық паркінде болды. Ондағы өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Заманауи индустриалды химиялық парк жекешелік -мемлекеттік қағидаттарда жұмыс істейді. 2007 — 2023 жылдар аралығында мемлекеттік инвестицияның көлемі 2,4 миллиард рубльді құраған. Бюджет қаражаты инфрақұрылыммен қамтуға бағытталады. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 25,2 млрд рубльден асқан. Мұнда жеке инвестициялық жобалар жүзеге асады. Технополис аумағында орналасқан жалпы саны 400-ге жуық компанияда 10 558 адам жұмыс істейді.
Жалпы ауданы 130 гектарды құрайтын өндіріс аумағы инфрақұрылыммен қамтылған, 3 мың шақырымнан асатын темір жолы бар. Химия, полимерлерді қайта өңдеу, нанотехнология, биотехнология, ресурс үнемдеу, энергия тиімділігі, медициналық технологиялар салалары бойынша жобалар жүзеге асқан.
Сондай-ақ бүгін өңір басшысы бастаған жұмыс тобы тәжірибе алмасу мақсатында Башир Рамеев атындағы ІТ паркке арнайы барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және тағы басқа жобалар бар. 10 жылдан астам уақыт ішінде 700-ден астам жоба құрылған. «Компьютер атасы” атанған кеңестік ғалым-өнертапқыш атындағы кешеннің резиденттері ІТ саласы бойынша әдемдегі ең беделді байқауларда топ жарып жүр.
Цифрлы әлем адамның күнделікті өмірін өзгертуге, өмір сапасын жақсартуға көмектеседі. Дәл осы саланы дамытуға бағытталған “21 мектеп” орталығы осы нарыққа маман дайындайды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегацияға жаңа мүмкіндіктер мен саланы дамыту бағыттары таныстырылды. Заман талабына сай қазіргі таңда әлем бойынша ІТ саласына сұраныс артуда. Түркістан облысы IT секторын дамыту үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен жобаларға басымдық беріледі.