2025-05-15 21:45:37
25.9 C
Шымкент

Көп қаралғандар

Түркістанда «Музейлер шеруі» көшпелі көрмесі жалғасып жатыр

Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен аптада «Музейлер шеруі» кеңейтілген көшпелі көрмесі басталған болатын. Бүгін «Visit Turkistan» орталығы алаңында көшпелі көрменің кезекті шарасы өтті.

Бұл аптада «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы дайындаған көрме көпшілікке ұсынылды. Көрмені облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев бастаған көпшілік қауым тамашалады. Үш күн бойы музей қорындағы жәдігерлерді қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылады.

Қазіргі таңда облыстағы музей қорында 170 мыңнан астам рухани құндылық сақталған. Олардың басым бөлігін археологиялық, этнографиялық экспедициялар нәтижесінде жинақталған бірегей жәдігерлер құрайды. Атап айтсақ, қазақтың соңғы ханы Кеңесарының қылышы, атақты қазақ балуаны Қажымұқанның қара үйі, Ұлы композитор Шәмшінің жеке заттары, Халық қаһармандары, соғыс, тыл, еңбек ардагерлері, спорт, білім, мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосқан азаматтардың да жетістігін айқындайтын жәдігерлер бар.

Аталған көрме Түркістан облысының тарихы мен мәдениетін, рухани  құндылықтарын, елімізге танымал тұлғаларымыздың, экономикасының қарқынды дамуын айғақтайтын музей қорындағы жәдігерлер негізінде киелі Түркістанның бүгінгі жаңғыруы мен жетістіктерін халыққа таныстыру, насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Айта кетейік, музейлер шеруі 1 қыркүйек пен 29 қазан аралығында, аптаның жұма, сенбі, жексенбі күндері өтеді.  Кеңейтілген көшпелі көрмеге Түркістан облысындағы республикалық «Әзірет Сұлтан», «Отырар» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтарының, «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы, облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты 24 музей қатысады.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының баспасөз қызметі

Соңғы жаңалықтар

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР