1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай кіші футболдан 2012-2013 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Кіші футболдан өткен жарыс Шардара футболына еңбек сіңірген Ермек Аманқұловты еске алуға арналды. Дәстүрлі турнирге Түркістан облысынан 15 команда қатысып, екі топ бойынша жеңімпазды анықтады.
Доп додасының ашылу салтанаты да жоғары дәрежеде өтті. Салтанатты шарада сөз алған
Шардара аудандық мәслихат төрағасы Арман Қарсыбаев сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шарадан соң ойындар жалғасып, әр өңірден жеңіс үшін келген өрендер жасыл алаңда жасындай жарқылдады. Тартысты ойындардың нәтижесінде бар қарсыластарынан басым болған Қазығұрт ауданының құрамасы бірінші орынды иеленіп алтыннан алқа тақты. Қалған жүлделі орындарды алаң қожайындары өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, мәдениет, спорт және тілдері дамыту бөлімінің басшысы Еркебұлан Айдаров, сондай-ақ, Ермек Аманқұловтың жары мен қызы марапаттап, құрмет көрсетті.
Үздік командалар мен үздік ойын көрсеткен бірқатар футболшыларға мадақтама қағаздар мен арнайы кубоктар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Спорттық сайысқа жоғары дәрежеде өтуіне Шарадара аудандық әкімдігі мен аудандық мәслихаттың төрағасы Арман Қарсыбаев, Шардара аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жиенбек Талиповтар атсалысты.