Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «18 Мамыр — Халықаралық музейлер күні» мерекесіне орай «Музей түні – 2023» біркүндік акциясы өтті.
Сағат 10:00-ден 00:00-ге дейін жалғасқан шара барысында «Біз арманшыл ұрпақпыз» тақырыбында оқушылар арасында көркемсөз оқудан байқау, балабақша тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Жәдігерлер», «Кім тапқыр?» атты тапқырлық сайыстар және Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі суретшілерінің шеберлік сабағы өтті. Сонымен қатар, суретші-зергерлер мен қол өнер шеберлерінің темірді балқыту өнерлері, балаларға арналған анимациялық және деректі фильмдер көрсетіліп, жас жеткіншектер музей ауласына бормен сурет салып жарысты.
Мерекелік кеште музей қорындағы жәдігерлерден «Музей – ел шежіресі» атты көрме жасақталып, ЖШС «Визит», «Aizhamal» және тағы басқа кондитерлік дүкендердің жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Сондай-ақ АО «КазТрансГаз Аймақ» компаниясы экспозициялық бұрышының ашылу салтанаты өтіп, Музей түні өлке тарихына шолу экскурсиясымен жалғасты.
Шам жарығымен өткен экскурсияны Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетіп, музей қонақтарына ерекше әсер қалдырды.
үркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының баспасөз қызметі