Қожа Ахмет Ясауи мовзолейіне барсаңыз көзге түсетін ерекше архитектуралық кесенені байқайсыз. Бұл — Рабия Сұлтан бегім кесенесі.
Рабия Сұлтан бегім кесенесі жобасында төртбұрышты. Ол ішкі сегіз қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілқайырдың әйелі болған.
Ал мұндағы тағы бір маңызды нысан—Қылует жер асты мешіті (XII-XIX ғасырлар).
Қылует жер асты мешіті Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан. Қылует жер асты мешітінің салынуы Ахмет Иасауи есімімен байланысты. XII-XIX ғасырлар аралығында салынған құрылысты XX ғасырдың 40 жылдарында толығымен бұзып қыштарын зауыт салуға қолданған. Археологиялық архитектуралық зерттеулермен 1941 жылы жасалынған макетке сүйене отырып Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген.
Ал ортағасырлық моншасы (XVI ғасыр) Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген, 1979 жылдан бастап оның негізінде Шығыс моншасы музейі ашылған. Құмшықата жер асты мешіті (ХІІ ғасыр). Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым жерде орналасқан. Жер асты мешіті сопылардың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Күйдірілген қышпен салынған.
Түркістан қаласындағы мәдени-тарихи нысандарды дамыту бағытындағы саяхаттың ендігі мақсаты музейлер мен мәдени орталықтарда жалғаспақ. Мұндай нысан қатарына алдымен осыдан 5 жыл бұрын ашылған «Түркістан тарихи-мәдени этнографиялық орталығын» айтуымызға болады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған орталықта ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орталық қорындағы тарихи жәдігерлер қоры туристерге көрсетіледі
Түркістан тарихи музейі
Қаладағы ХІХ ғасырда әскери казарма болған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, тарихи музейге айналдырды. Түркістан тарихи музейінің экспозициясы 8 бөлімнен тұрады: Тас, қола және ерте темір ескерткіштері, түркі кезеңіндегі Түркістан оазисі, Шауғар қаласы, Ясы қаласы, Қожа Ахмет Иасауи – «Түркістан пірі», Ескі Түркістан қаласы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы. Қазақстанның тарихи туризм ошағы саналатын Түркістанның туристерді тартуға әлеуеті зор. Тек қана тарихи туризм аясында ғана емес, әлеуметтік мәдени, саяхаттау мақсатында, этнотуризм аясында туристерді тарта алады.
Түркістан қаласының тарихи-мәдени туризмінің дамуына үкімет мейлінше мол назар аудара бастады. Бұл дегеніміз – туризм арқылы тек табыс алып келу ғана емес, Түркістандай киелі жерді әлемге танытып, паш ету. Ендеше, тарихы тереңде жатқан Түркістан шаһары – Қазақстандағы тарихи туризмнің басты жобасы әрі ЮНЕСКО мойындаған тарихи орын.